ТҮРКІСТАН: 300 мыңнан астам оқушы қосымша білім және үйірмемен қамтылады

0
810

53 қосымша білім беру ұйымы бар.


ТҮРКІСТАН: 300 мыңнан астам оқушы қосымша білім және үйірмемен қамтылады

Түркістан облысында 300 мыңнан астам оқушы қосымша біліммен, үйірмемен қамтылады, деп хабарлайды ERNUR.KZ.


Түркістан облысында 53 қосымша білім беру ұйымы бар болса, ол ұйымдарда қосымша оқумен қамтылған балалар саны 28500-ге, мектептегі үйірмелерге қамтылған балалар саны 250000-ға жетіп, жалпы оқушылар санының 54,6 пайызын құрап отыр. Бүгінде облыста 215710 бала спорт секцияларымен қамтылған. Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасымен биыл жарияланған «Балалар жылына» байланысты бұл бағыттағы жұмыстар күшейе түспек.


Атап өтсек, өңірдегі қосымша білім беру ұйымдарының 13-і қалалық, 40-ы ауылдық жерде орналасқан. Оның ішінде 13 саз мектебі, 11 жас туристер станциясы, 5 шығармашылық орталығы, 7 оқушылар үйі, 2 көркем сурет, 13 өнер мектебі және 2 оқушылар сарайы бар. Балалардың бос уақыттарын тиімді өткізу мақсатында 2022 жылы білім саласына 5000 орынға, спорт саласында 13000 орынға және мәдениет саласына 3865 орынға мемлекеттік тапсырыс қаралды. Бұл үйірмелердегі бір балаға жұмсалатын орташа қаржы айына 9934 теңге, жалпы алғанда 1 жылға 357,624 мың теңгені құрайды. Мемлекеттік тапсырысты бөлудің нәтижесінде қосымша білім берумен қамтылатын балалардың үлесі 300241 немесе 65%-ға жетеді.