ТҮРКІСТАН: 90 мың гектар жердің сумен қамтамасыз етілуі жақсарады

0
416

6 ірі су нысандарының құрылыстары жүргізілуде.


ТҮРКІСТАН: 90 мың гектар жердің сумен қамтамасыз етілуі жақсарады

Түркістан облысында 500 шақырымнан астам канал бетонмен қапталады, деп хабарлайды ERNUR.KZ.


Тиісті қаржы бөлінген жағдайда, Түркістан облысында 500 шақырымнан астам канал бетонмен қапталып, 90 мың гектар жердің сумен қамтамасыз етілуі жақсарады. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Халыққа Жолдауында айтылғандай, 120 каналды қайта жаңғырту мәселесі бойынша, Түркістан облысындағы 23 каналдың тізімі жасақталып, ҚР Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігіне ұсынылды.


Республикадағы суармалы жерлердің 3/1 бөлігі Түркістан облысына тиеселі (548,2 мың гектар). Өңірдегі суармалы алқаптарды ағын сумен қамтамасыз етуде жыл сайын 206,8 млн.м3 су тапшылығы байқалады. Ағын су тапшылығын шешу мақсатында, өңірде 6 ірі су нысандарының құрылыстары жүргізілуде.


Атап айтқанда, «Түркістан магистралды каналында күрделі жөндеу» «Кеңсай - Қосқорған - 2» су қоймасын салу, «Жетікөл көлдер жүйесін жаңғырту» жобалары жүзеге асырылуда. Аталған жобалар «Түркістан облысының әлеуметтік-экономикалық дамытудың 2024 жылға дейінгі кешенді жоспарына» енгізілген.


«Түркістан магистралды каналында күрделі жөндеу» жобасы бойынша бұрын ағын су 43%-ға фильтрациялық шығынға ұшыраса, бүгінгі күні 43 шақырым каналды бетондау жұмыстарының нәтижесінде 22 млн.м3 су үнемделіп 1,5 шақырым канал бойы абаттандырылды. Жалпы жоба толық іске асқанда 60 млн.м3 су үнемделеді және қала аумағындағы 8 шақырым канал бойы абаттандырылады.


«Кеңсай - Қосқорған - 2» су қоймасы жобасы бойынша 34 млн.м3 ағын су жеткізілетін болады. Қазіргі таңда үлкен дамбы биіктігі 26 метрге дейін көтеріліп, 70% бетонмен қапталды. Нәтижесінде, көктем мезгіліндегі тасқын сулардың ысырабына жол берілмей 5 млн.м3 су жинауға мүмкіндік болды. Құрылыс жұмыстары биыл толық аяқталады.


«Жетікөл көлдер жүйесін жаңғырту» жобасы бойынша 34 шақырым ұзындыққа бөгет жасалынып, биылдың өзінде 261 млн.м3 су көлге тасталынды. Бұл жоба алдағы уақытта облыстың экологиялық жағдайын жақсартуға оңды ықпалын тигізетін болады.


Ағын су тапшылығының тәуекелділігі әлі де жоғары екендігін ескере отырып, «Сырдария өзенінен машиналық арна салу», «Сарқырама» су қоймасын салу және Кентау қаласында «Қосқорған» су қоймасын одан әрі толықтыра отырып, су төмендету жүйесін салу жобалары әзірленуде. Аталған жобалар толық іске асқан жағдайда өңірді кепілді ағын сумен қамтамасыз етіп, 252 млн.м3 ағын су қосымша жеткізілетін болады.