ТҮРКІСТАН: «AMANAT CUP» турнирінің жеңімпаздары анықталды

0
472

200-ге жуық спортшы бақ сынады.


ТҮРКІСТАН: «AMANAT CUP» турнирінің жеңімпаздары анықталды

Түркістанда үстел тенисінен ашық турнир өтті, деп хабарлайды ERNUR.KZ.


«AMANAT» партиясы Түркістан облыстық филиалының қолдауымен, Түркістан қаласы әкімдігі және облыстық «Жастар Рухы» жастар қанатының бастамасымен ұйымдастырылған үстел тенисінен ашық турнир өз мәресіне жетті. Түркістан облысының құрылғанына 5 жыл толуына орай ұйымдастырылған жарыста қатысушылар үш күн бойы бақтарын сынады. Жарыс жеңімпаздарын «AMANAT» партиясы Түркістан облыстық филиалының төрағасы Алтынсары Үмбетәлиев салтанатты түрде құттықтады.


"Спорттың денсаулық кепілі екені баршамызға аян. Демек, біздің мақсатымыз – тәні мен жаны сау ұрпақ тәрбиелеу, жастардың спортқа деген қызығушылығын арттыру, ойлау қабілетін дамыту, көрген-білгені мен алған білімін тереңдету, салауатты өмір салтын дамыту. Турнирге қатысқан барлық теннисшілерді шын жүректн құттықтаймын! Барлықтарыңыз да бүгінгі жарыста табандылық, жоғары спорттық шеберлік және қайрат мінез таныттыңыздар деп білемін. Турнирдің сәтті өтуіне үлес қосқан төрешілер мен бапкерлерге және қатысушыларға, сондай-ақ қолдаушыларға өз алғысымды білдіремін", – деді партия төрағасы.


Жалпы 200-ге жуық спортшы бақ сынаған ашық турнирде, қыздар арасында Ш.Камилжанова чемпион болды. 2010-2012 жылдар аралығындағы жасөспірімдер арасында М.Ханиязова топ жарды. 2005-2009 жылдар аралығындағы жасөспірімдер бойынша Ш.Ахмадилиева жеңіске жетті. Ал 2013 жылға дейінгі жасөспірім ұлдар арасында А.Жұмағұл топ жарды. Өз құрдастары арасында М.Жұмағұл чемпион атанса, 2005-2009 жылдар аралғындағы теннисшілер бойынша С.Төлебаев жеңіс тұғырының бірінші сатысына шықты.


18-40 жас аралығындағы қатысушылар арасында Б.Әкімәлі Бақдәулет қарсылас шыдатпады. 41-59 жас аралығында Б.Бакуов топ жарды. 60 жастан асқан ардагерлер арасында Н.Ким үздік болды.


Жарыс 7 санатты қамтыған болатын. 136 ұл мен 64 қыз іріктелген турнирге Түркістан облысына қарасты аудан, қалалардан бөлек Шымкент қаласы, Жамбыл облысы, Қызылорда облысы және Қырғыстан мемлекетінен теннисшілер қатысты.


Айта кетейік, ашық турнирге «Иассы» копсорциум және Farabi shcool мекемелері тарапынан қаржылай қолдау көрсетілді