ТҮРКІСТАН: Ана мен бала денсаулығын жақсарту жұмыстары күшейтіліп жатыр

0
103

«Ана мен бала денсаулығын сақтау – перинаталдық көмекті жетілдірудің өзегі» атты республикалық дөңгелек үстел өтті.


ТҮРКІСТАН: Ана мен бала денсаулығын жақсарту жұмыстары күшейтіліп жатыр

Түркістан облысында ана мен бала денсаулығын жақсарту бағытындағы жұмыстар күшейтілуде, деп хабарлайды ERNUR.KZ.


ҚР Денсаулық сақтау вице-министрі Ержан Нұрлыбаевтың қатысуымен Түркістан қаласындағы №3 облыстық перинаталдық орталығында «Ана мен бала денсаулығын сақтау – перинаталдық көмекті жетілдірудің өзегі» атты республикалық дөңгелек үстел өтті.


Аталған шараға еліміздің 20 өңірінен келген денсаулық сақтау саласының мамандары, және Түркістан облысы әкімінің орынбасары Бейсенбай Тәжібаев пен облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Асхан Байдувалиев қатысты.


Жиын барысында ана өлімін төмендету, кадрлық әлеуетті нығайту, инфрақұрылымды жаңарту, телемедицина мен цифрландыруды дамыту мәселелері талқыланып, әр аймаққа жетекші орталықтардан үйлестірушілер бекітілді. Жиын барысында қатысушылар №3 орталықтағы неонаталдық, телемедициналық, диагностикалық бөлімдердің жұмысымен танысты.


Сонымен қатар ҚР Премьер-Министрі Түркістан облысындағы жетекші медициналық мекеме – №1 Облыстық перинаталдық орталыққа арнайы барып, мекеменің ана мен бала денсаулығы бағытындағы жұмысымен танысты. Мұнда 2025 жылдың алғашқы 4 айында 2335 босану тіркеліп, 542 кесар тілігі жасалды.


Айта кетейік, мұндағы жаңа технологиялар мен «Дені сау ана» пансионаты, Катамнез кабинеті, триаж жүйесі сынды жаңашылдықтар орталықтың жұмыс тиімділігін арттыратын мүмкіндіктеріне айналған. Сондай-ақ, өткен жылы ашылған Ұрықты қорғау орталығы (ЦОП) мен клинико-диагностикалық зертхана жүкті әйелдер мен сәбилерге жоғары дәлдікпен медициналық қызмет көрсетіп келеді.


Орталық бүгінде Түркістан облысының 8 ауданына кураторлық және санитарлық авиациялық көмек көрсетіп, өңірлік медицинаның дамуы қарқын алған.

Бөлісу