ТҮРКІСТАН: Аптап ыстықта киелі шаһарды салқындатып тұратын ерекше шатырлар салынады

0
4 629

«I-shatyr» (Intelligent shatyr) жобасы - әмбебап функциялары бар тенттік үлкен шатыр.


ТҮРКІСТАН: Аптап ыстықта киелі шаһарды салқындатып тұратын ерекше шатырлар салынады

Түркістанда облыс әкімі Өмірзақ Шөкеевтің қолдауымен жаңа «I-shatyr» (Intelligent shatyr) жобасы жүзеге асырылатын болады, деп хабарлайды ERNUR.KZ тілшісі.

Түркістанда туризмді дамытып, саяхаттап келушілерге сапалы қызмет көрсету мақсатында жергілікті билік жаңа жобаларды қолдап, оны жүзеге асыруға өз үлестерін қосуда.

Солардың бірі - «I-shatyr» (Intelligent shatyr) архитектуралық жобасы. Бұл жобаны Қазақстан Республикасының Ұлттық экономика министрлігі табиғи монополияларды реттеу, бәсекелестікті және тұтынушылардың құқықтарын қорғау комитетінің Түркістан облысы бойынша департаментінің бас маманы Жанбота Оразбаева ұсынып отыр.


Өздеріңізге белгілі Түркістан қаласының климаттық жағдайы – жазы ұзақ, ыстық, жауын-шашын мөлшерінің аз болуы, шілде-тамыз айларында температураның 40-50 градусқа дейін көтеріледі. Ал, мұнда жыл сайын әлемнің түкпір-түкпірі мен еліміздің әр аймағынан 1 млн жуық адам келеді.

Дәл осы климаттық жағдайын ескере отырып туристер көп шоғырланатын аймаққа яғни, Қожа Ахмет Яссауи кесенесі маңынан «I-shatyr» (Intelligent shatyr) жобасын орналастыруды ұсынып отыр.


«I-shatyr» (Intelligent shatyr) жобасы - ыстық мерзім аралығында адамдарды салқындату мақсатында су бүркетін, күн сәулелерінен қорғап жасанды көлеңке жасайтын, вентиляциялық құрылғылары және кешкі уақытта жарықтандыру прожекторлары орнатылған әмбебап функциялары бар тенттік үлкен шатыр.

«I-shatyr» (Intelligent shatyr) шатыр матасы политетрафторэтилен жіптерін қолдануды ұсынды. Аталған мата жоғары жарық беру, икемділік және бірнеше қабаттарға бүктелу, ультракүлгін сәулелеріне және желге, ауа-райының түрлі факторларына төзімді болу, кірдің және судың жиналуына қарсы қасиеттері бар, жоғары сәндік ерекшеліктеріне ие.

«I-shatyr»-дың конструкциясына тоқталатын болсақ, биіктігі 12 метрді құрайтын, шатырдың формасы – тіктөртбұрыш, ашылған кездегі өлшемі – 10х10 метрді құрайды. Күндіз ыстық уақытта Кесенеге келетін адамдарға максималды түрде қолайлы жағдай жасау үшін шатыр жүйесі қосымша вентилятор және су шашатын жүйесімен жабдықталады.

Аталған күндізгі функцияларынан басқа, түнгі уақытта шатыр шамшырақ тәрізді сәнді бағаналарға айналып, орнатылған шам прожекторлары жарық беріп тұрады. Конструкцияның әмбебап, әрі көпфункционалдылығы оның автоматты түрде 3 минут аралығында таңғы уақытта ашылып, кешкі мезгілде жабылуы.

Тағы бір ерекшелігі шатыр конструкциясы WI-FI free аймағымен қамтамасыз етілген. WI-FI free жүйесіне кірудің өзіндік талабы бар. Ол талап бойынша жүйеге кірушілерге туризмді одан әрі дамыту мақсатында Түркістан облысының басқа да мәдени ескерткіштері – Арыстан баб, Домалақ Ана кесенелері, сондай-ақ ежелгі «Отырар», «Сауран» қалалары туралы және т.б. қысқаша видеороликтерді тамашалау ұсынылатын болады.

Аталған шатыр түрі бүгінгі таңда Сауд Арабия Мадина қаласында жұмыс істеп тұр.

«I-shatyr» жобасын Түркістан облысының әкімі Өмірзақ Шөкеев қолдап, жоба иелерін арнайы әкімдікке шақыртып, әкімдер мен басқарма басшылары алдында жобамен таныстыру жиынын ұйымдастырылды. Өткен жиында жоба өз қолдауын тауып облыс әкімі жүзеге асыруды тапсырды.

Еске сала кетейік, бұл жоба Түркістан облысына іссапармен келген ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл Агенттігінің Төрағасы Алик Шпекбаев ҚР Президентінің жанындағы Мемлекеттік басқару академиясының Түркістан облысы бойынша филиалында қайта даярлау курсын аяқтаған қызметкерлермен кездесу барысында ұсынылған жоба болатын.

Айта кету керек, бүгінде Түркістан қаласының көркейіп дамуына еліміздің барлық облыстары өз үлестерін қосып отыр. Бұдан бөлек Қазақстанның ірі құрылыс компаниялары да атсалысуда. Түркістанның дамуына заманауи технологияларды қолдана отырып, өз мәдениетімізге сай қайта жаңғырту жұмыстары қарқын алған. Заманауи технология демекші бұл технологиялар бүгінгі таңда туризмнің дамуына өз септігін тигізетіні анық.