ТҮРКІСТАН: Арыста ерекше балаларға арналған мерекелік шара өтті

0
628

Қаланың қайырымдылыққа жаны жақын кәсіпкерлері ойыншықтар мен батут ойынын сыйға тартты.


ТҮРКІСТАН: Арыста ерекше балаларға арналған мерекелік шара өтті

Арыста ерекше қамқорлықты қажет ететін балаларға арналған салтанатты іс-шара ұйымдастырылды, деп хабарлайды ERNUR.KZ.


Бүгін Арыс қалалық ардагерлер үйінде халықаралық балаларды қорғау күніне орай ерекше қамқорлықты қажет ететін балаларға арналған салтанатты іс-шара ұйымдастырылды.


Тағдырдың сынына мойымай, асқақ арманға қанат қаққан қаршадай балаларға арналған мәдени іс-шараға қала әкімі Гүлжан Құрманбековамен бірге ғалам ақыны атанған Мұхтар Шаханов арнайы қатысып, бүлдіршіндерді мерекелерімен құттықтап, сый-сияпат көрсетті.


Мерекелік шарада сөз алған шаһар басшысы баланың қуанғанынан артық әлемде бақыт жоқ екендігін жеткізіп, бүлдіршіндерге ақ тілегін арнады.


«Қымбатты балалар! Біздің көңіліміздің гүлі, көзіміздің нұры, болашағымызсендерсіңдер! Сондықтан да, Сіздер, сапалы білім алып, еліміздің дәулетті, жеріміздің сәулетті болуы үшін белсенділік танытып, еліміздің одан әрі гүлденуіне өз үлестеріңізді қосуларыңыз керек. Сендердің оқуда озат болуларыңа, жарқын болашаққа нық қадам басып, еңсесі биік ел азаматтары атануларыңа тілектеспін - деді Гүлжан Мамытқызы.


Әлемге белгілі ақын, ұлт жанашыры, Қазақстанның Халық жазушысы Мұхтар Шаханов шараны ұйымдастырушылар алғысын айтып, бүлдіршіндерге ақ батасын беріп, оларға жарқын болашақ тіледі.


Бұдан кейін қала әкімдігі мен кәсіпкерлер тарапынан ерекше күтімді қажет ететін бүлдіршіндерге заттай сыйлықтар үлестіріп, оларды шексіз қуанышқа бөледі. Қаланың қайырымдылыққа жаны жақын кәсіпкерлері ойыншықтар мен батут ойынын сыйға тартты.


Балғындардың кіршіксіз көңілдеріне қуаныш сыйлаған шараның жалғасы концерттік бағдарламаға ұласты. Әрмен қарай мерекелік дастархан жайылып, мереке иелеріне тәттілар мен балмұздақ таратылды. Іс-шараның соңында ата-аналар игі шараны ұйымдастырушыларға алғыстарын білдірді.


Айта кетейік, игі іс шараны қалалық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі ұйымдастырды.