ТҮРКІСТАН: Арыстық қолөнершілер отбасы шәкірт тәрбиелеу ісін бастады

0
552

Ерекше отбасы ағаштан ою ойып, киізден байпақ тігіп, былғарыдан түрлі бұйымдар әзірлейді.


ТҮРКІСТАН: Арыстық қолөнершілер отбасы шәкірт тәрбиелеу ісін бастады

Кәсіпкерлікті дамытқан арыстық қолөнершілер отбасы шәкірт тәрбиелей бастады, деп хабарлайды ERNUR.KZ.


Түркістан облысы, Арыс қаласына қарасты Ақдала ауылындағы Есенқұловтар әулетінде ата-анасынан бастап, балаларына дейін қолөнермен айналысады. Он саусағынан өнер тамған ерекше отбасы ағаштан ою ойып, киізден байпақ тігіп, былғарыдан түрлі бұйымдар әзірлейді.


Есенқұловтар отбасы мүшелерінің барлығы ұста. Мәселен, әкесі тастан түрлі заттың мүсінін жасап, үйінің ауласын гүлдендіріп қойған. Ал ұлдары – ағаш шебері. Жаңғақ, қаратал, шынар ағашынан ыдыс-аяқ пен домбыраның неше түрін жасайды.


Атап өтсек, қолөнерші Алмагүл Есенқұлова 2 жыл бұрын «Еңбек» бағдарламасы арқылы 555 мың теңге грант ұтып алған. Оған заманауи тігін мәшинесін сатып алып, кәсібін кеңейткен. Ал қолөнерді жастайынан серік еткен ұлы, ағаш шебері Ерболат Жанша «Жастар жылы» аясына өткізілген байқауға қатысып, 3 млн. теңге грантқа қол жеткізген. Оған өзіне қажетті құралдар сатып алып, шеберханасын жабдықтаған.


Бүгінде өнерлі отбасы мемлекеттік бағдарлама арқылы кәсібін кеңейтіп, қолданбалы өнерді ауылдастарына үйретуді қолға алған. Қолөнер шебері Алмагүл Есенқұлова жақында қала әкімі Гүлжан Құрманбекованың қабылдауында болып, ауыл айналасынан үлкен өнер мектебін ашу жөнінде ұсыныс жасады. Қала басшысы идеяға бірден қолдау білдірді. Енді тегін үйірме аясында ауыл жастарын үшін таңдаулы өнерді игеруге мүмкіндік молаймақ.


Қазір Ақдаладағы отбасылық өнер үйінде ісмерлікпен қатар тұзбен сурет салу, суға кескін келтіру үйірмесі қосылды. Сондай-ақ жас қолөнершілер саз балшықтан қыш құмыралар жасап, кәдесый ретінде түрлі мүсінді шығару ісін меңгеруде.