Дәстүрлі жәрмеңкенің биылғы бетпердесін Түркістан облысы ашып берген.
Аптаның соңғы күндерінде Нұр-Сұлтанда ауыл шаруашылық өнімдерінің жәрмеңкесі басталды, деп хабарлайды ERNUR.KZ.
Елордадағы "Ханшатыр" ойын-сауық орталығының іргесінде сенбі, жексенбі күндері ұйымдастырылатын жәрмеңкеге Арыс қаласының шаруалары 33 тонна азық-түлік өнімдерін апарды. Атап өтсек, жыл сайын күзге қарай өтетін дәстүрлі жәрмеңкенің биылғы бетпердесін Түркістан облысы ашып берген. Облыс шаруалары жалпы көлемі 500 тоннадан астам жергілікті өнімнің сан түрін Нұр-Сұлтанға жеткізген болса, оның 33 тоннасын арыстық шаруалар ұсынды.
Қала әкімі Гүлжан Құрманбекованың тапсырмасына орай, әкім орынбасары Сапар Дәрібаев пен Арыс қалалық ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы Нұрлыбек Біләлбеков шаруалар өнімін 3 жүк көлігімен Сарыарқа төріне дін аман жеткізілуін қамтамасыз етті. Арыстық шаруалар мен диқандар астаналықтарға ұсынған өнімдердің құрамында 7 тонна ет, 23 тонна көкөніс пен бақша өнімдері және 3 тонна сүт өнімдері бар.