ТҮРКІСТАН: «Ашық әкімдік» кеңсесінде әлеуметтік мәселелер тыңдалды

0
735

Түркістан облысына қарасты аудан, қалалардан 30-ға жуық азамат келді.


ТҮРКІСТАН: «Ашық әкімдік» кеңсесінде әлеуметтік мәселелер тыңдалды

Түркістан облысында тұрғындарды мәселелері бойынша қабылдау кестеге сәйкес жүргізілуде, деп хабарлайды ERNUR.KZ.


«Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасы мен ашықтық қағидатына сәйкес Түркістан облысында тұрғындарды мәселелері бойынша қабылдау кестеге сәйкес жүргізілуде. «Ашық әкімдік» кеңсесінде кезекті жеке қабылдауды Түркістан облысы әкімінің орынбасары Нұралхан Көшеров өткізді. Тұрғындарды толғандырған мәселелерін тыңдап, өтініштері мен ұсыныстарына құлақ асты. Жеке қабылдауға Түркістан облысына қарасты аудан, қалалардан 30-ға жуық азамат келді. Кездесуге келген азаматтардың басым бөлігі тұрғын үй алуға ықпал етуді сұрады. Өтініш иелеріне тұрғын үй тек қолданыстағы заңға сәйкес кезек реттілігімен берілетіні түсіндірілді. Одан бөлек, атаулы әлеуметтік көмек алу, жұмысқа орналасу, қаржылай көмек көрсету, денсаулық саласына қатысты мәселелер, кәсіпкерлікті дамытуға қолдау білдіру, жол және тағы басқа мәселелер қозғалды.


Сарыағаш ауданынан азаматша тұрғын үй кезегінен шығарылғанын айтып, қайта кезекке тұрғызуды сұрап келген. Тұрғынның атына үй тіркелгендіктен, тұрғын үй кезегінен шығарылған. Өтініш иесіне заң бойынша кеңес берілді.


Тағы бір тұрғын немерісіне «мүгедек» санатын алып беру мәселесін көтерді. Көрсетілген диагнозбен мүгедектік алуға мүмкіндік жоқ. Балаға білікті дәрігерлердің көмегімен тегін ота жасалатын болды.


Жеке кәсіпкер әкімдіктен кәсібін жүргізуге қолдау сұрап келді. Облыс әкімінің орынбасары кәсіпкерлікті әрқашан қолдауға дайын екенін жеткізіп, кәсібін дөңгелетуге инфрақұрылымы бар тегін жер телімін ұсынды.


Түркістандық азаматша немересін «мейірбике» мамандығы бойынша жұмысқа орналастыруды сұрады. Оған жұмысқа тұру тәртібі түсіндірілді. Нұралхан Көшеров облыс орталығынан жақын арада үлкен аурухана пайдалануға беріліп, тұрақты жұмыс орындары ашылатынын айтып өтті.


Облыс әкімінің орынбасары қабылдауға келген тұрғындардың өтініштері мен ұсыныстары бойынша оңтайлы шешу жолдарын қарастырып, заңдылығын түсіндірді.


Нұралхан Көшеров жауапты сала басшыларына әр мәселені жіті қарап шығып, қысқа мерзімде заң аясында шешуді тапсырды. Көтерілген мәселелер хаттамаға енгізіліп, шешімін тапқанша облыс әкімі орынбасарының жеке бақылауында болады.


Айта кетейік, Түркістан облысы әкімі мен орынбасарларының жеке қабылдауына «Басқармалар үйі» ғимаратында орналасқан «Ашық әкімдік» кеңсесіне келіп, жазылуға немесе е-Өтініш ақпараттық жүйесі арқылы мәселелерін көрсете отырып, тіркелуге болады. Жеке қабылдаулар бекітілген кестеге сәйкес жалғасын табады.