Енді бұл жерлерге далалық шөп тұқымдары себіліп, газон төселмек.
Түркістан қаласынан 16 шақырым қашықтықта орналасқан халықаралық әуежайға барар тасжолдың бойы тұтастай жасыл желекке бөленеді, - деп хабарлайды ERNUR.KZ.
Мұнда 140 мың түп шаған, үйеңкі, қарағаш, бозарша, жиде ағаш көшеттері отырғызылды. Бүгінде тамшылатып суару жүйелері жүріп жатыр. Мамандардың айтуынша, алдағы 2-3 жылда бұл аймақ жайқалып, қалың орманға айналады. Енді бұл жерлерге далалық шөп тұқымдары себіліп, газон төселмек.
Жасыл желекке оранған қаладағы құрылыс барысын бақылауға шыққан облыс әкімі Өмірзақ Шөкеев жауапты тұлғаларға тапсырмалар беріп, жұмысты ширатуды жүктеді. Шаһарда тек туристтік нысандарға ғана көңіл бөліп қоймай, жан-жақты жұмыстар жүргізілуде. Түркістан қаласындағы орталық көшелердің бойында орналасқан тұрғын үйлер мен ғимараттарды бірыңғай, бір үлгіге келтіру үшін жаңарту жұмыстары жүріп жатыр.
Түркістанда жаңа желілік саябақ салынып жатыр. Ж.Майкотов көшесінің бір жақ бетінде құрылысы басталған желілік саябақ көктемде ашылады. Тұрғындар үшін ыңғайлы орта қалыптастыру – басты назарда. Сондай-ақ, 28 га құрайтын қалалық дендробақта 12 мыңнан астам ағаш отырғызылады. Жасыл аумақ толық көгалдандырылады. Бірнеше жаңа саябақтар өткен жылы пайдалануға берілді. «Әзірет Сұлтан қорық мұражайының аумағын абаттандырудың бірінші кезеңі «Орталық саябақ» биыл пайдалануға берілді.
Түркістан қаласын түркі әлемінің рухани орталығына айналдыру және туристерді тарту мақсатында Ясауи кесенесінің айналасында ашық аспан астындағы мұражай, мәдени демалыс орындары қызмет көрсетуде. Қаланың тарихи орталығының аумағында жеке инвестициялар есебінен республикада теңдесі жоқ көпфункционалды «Керуен Сарай» туристік кешенінің құрылысы жүргізілуде. Шығыс үлгісінде салынған заманауи туристік кешенде қолөнершілері бар жабық базарлар, шығыс базары, сауда орталықтары, мейманханалар, аспалы театр, гандола қайықтарының жүзуіне арналған бірнеше су арналары, ойын-сауық орталығы, сондай-ақ халықаралық деңгейдегі қонақ үйлер жұмыс істейтін болады. Өмірзақ Естайұлы мәдени- рухани орталықтағы құрылысы қайнаған алаңдарындағы жұмыс барысын бақылады.