ТҮРКІСТАН: «Ауыл аманаты» жобасына 70-тен астам ордабасылық өтінім берді

0
435

Ауыл азаматтарының тұрмысын түзеуге бағытталған жылдық мөлшерлемесі 2,5 пайызды құрайтын жеңілдетілген несие беріледі.


ТҮРКІСТАН: «Ауыл аманаты» жобасына 70-тен астам ордабасылық өтінім берді

Ордабасыда «Ауыл аманаты» жобасына 70-тен астам ауыл азаматы өтінім беріп үлгерді, деп хабарлайды ERNUR.KZ.


Биыл Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жарлығымен еліміз бойынша іске асырылып жатқан «Ауыл аманаты» жобасы аясында ауыл азаматтарының тұрмысын түзеуге бағытталған жылдық мөлшерлемесі 2,5 пайызды құрайтын жеңілдетілген несие беріледі.


Осыған орай, Түркістан облысы әкімінің орынбасары Ермек Кенжеханұлы Ордабасы ауданына жұмыс сапарымен келіп, Шұбар және Бадам ауылдық округінің тұрғындарымен кездесті. Жиынға келген шұбарлықтар облыс әкімінің орынбасары Ермек Кенжеханұлына, аудан әкімі Нұбек Бадырақовқа жоба және несиелеу шарттарына қатысты өздерін толғандырған сұрақтарын қойды.


Аталған жоба аясында Ордабасы ауданы бойынша Шұбар және Бадам ауылдық округтері пилоттық үлгіде таңдалған. Басты себептердің бірі - Шұбар ауылдық округінде мал бордақылау бағытына басымдық беріледі. Қазірдің өзінде 70-тен астам шұбарлық азамат тиісті қаржы ұйымына несие рәсімдеу үшін құжаттарын өткізіп үлгерген.


«Ауыл аманатының» артықшылығы — берілетін несие пайызының аздығы, әрі ауылдық жердегі үйді кепілдікке қоюға болатындығы, кез-келген жұмыссыз ауыл тұрғынының қатыса алатындығында.


Облыс әкімінің орынбасарының келесі кездесуі Бадам ауылындағы «Бөрте милка» сүт фермасында өтті. Онда ол бірнеше кооператив төрағаларымен кездесіп, «Ауыл аманаты» жобасының тиімділіктерін түсіндірді.


Айта кетейік, Бадам ауылдық округінің тұрғындарына 2,5 пайызбен сүтті бағыттағы ірі қара алуды несиелеу жүзеге асырылмақ. Себебі, онда «Бөрте милка» сүт фермасы орналасқан. Қазіргі таңда ферма 30% ғана көлемде өнім шығаруда. Толық қуатқа өту үшін қосымша шикізат (сүт) қажет. Оның бір ғана жолы-тұрғындардан белгіленген бағада сүт жинау. Бұл жоспарға жоба аясында қол жеткізуге болады.


Кездесуде сүт бағытындағы ІҚМ несиелеуден бөлек, Бадам ауылдық округінің жылыжай шаруашылығына да мүмкіндік беру жолдары сөз болды.