ТҮРКІСТАН: Ауылдарға әлеуметтік нысан салғанда ел сұранысы ескеріледі

0
563

Балаларды тегін үйірмелермен қамту бойынша жұмыстар жүргізілмек.


ТҮРКІСТАН: Ауылдарға әлеуметтік нысан салғанда ел сұранысы ескеріледі

Түркістан облысы әкімінің орынбасары Сайрам ауданында жұмыс сапарымен болды, деп хабарлайды ERNUR.KZ.


Түркістан облысы әкімінің орынбасары Бейсен Тәжібаев Сайрам ауданында жұмыс сапарымен болды. Онда білім, мәдениет және спорт саласындағы өзекті мәселелер мен жаңа жобаларды іске асыру жайын талқылады. Нысандарды аралап, жауаптылармен кездесті.


Құтарыс ауылында жергілікті кәсіпкерлердің бастамасымен қолға алынған «Қазақтың 100 ауылы» жобасы аясында негізі қаланған «Ozen» қайырымдылық қорының жұмысымен танысты. Аталған қор директоры Әкім Тұрсынбеков ауылды жан-жақты дамытуға бағытталған тың идеялары туралы баяндады.


Қор есебінен салынып, жұмыс істеп тұрған спорт кешені қажетті құрал-жабдықтармен қамтылған. Қазіргі таңда 100-ге жуық бала күрес пен бокс секцияларына қатысып, жаттығуда. Мұнан соң, құрылысы жүріп жатқан колледж ғимараты жайлы ақпарат ұсынылды. Идея авторларының айтуынша, озық технологиялармен жабдықталған оқу ордасында 500 бала білім алуға мүмкіндік алады. Ұстаздарға арнайы жағдай жасалып, тұрғын үймен қамтамасыз ету көзделіп отыр. 2020 жылы құрылған «Ozen» қайырымдылық қоры жобаларының басты мақсаты – қала мен ауыл арасындағы әлеуметтік теңсіздікті жою, цифрландыру мен интернетке қолжетімділікті арттыру, кәсіпорындар ашып жұмыссыздықты азайту, инфрақұрылымды жақсартуға атсалысу, жастарды білімге шақыру, спорттық және шығармашылық тұрғыда дамыту. Барлығын мұқият тыңдаған облыс әкімінің орынбасары бірқатар жобаға қолдау көрсетілетінін жеткізді. Оның ішінде балаларды тегін үйірмелермен қамту бойынша жұмыстар жүргізілмек.


Мұнан соң, әкім орынбасарына Құтарыс ауылында жаңа мәдениет және спорт кешенін салу шаралары мен жобасы таныстырылды. Пікір алмасулардан кейін нысанның жобалық-сметалық құжатын қайта қарап, әзірлеу тапсырылды. Ақсу ауылында орналасқан Сайрам аудандық орталық кітапханасы мен «Оқу өндірістік комбинатының» ғимараттарының ескіруі туралы мәселе қозғалды. Техникалық бағытта білім беретін оқу комбинатында атқарылып жатқан істер мен оқушылар жасаған туындылар көрсетілді. Б.Тәжібаев кітап қорын көбейтуге ықпал ететінін білдірді. Аталған ауылдағы спорт кешеніне ат басын бұрып, мекеме жетекшісіне «ArtSport» платформасына қатысу ұсынылды. Шығармашылық және спорттық тегін үйірмелерге қамтылған балалар саны әлі де аз екенін алға тартқан Бейсен Дәулетұлы ең әуелі тұрмысы төмен отбасындағы балаларға көңіл бөлу керектігін ескертті.


Сапар Сиқым ауылында жалғасып, Амангелді атындағы №47 жалпы орта мектебінің ахуалы ортаға салынды. 200-ден астам бала білім алатын мектеп ғимаратының бүгінде тозығы жеткен. Мұнда 36 ұстаз қызмет етеді. Ауыл тұрғындары ғимаратты апатты деп танып, жаңа білім ордасын салуды сұрайды. Жағдайдан хабардар екенін айтқан Б.Тәжібаев бұл бағыт зерделеніп, тиісті ұйғарым жасалатынын мәлімдеді.