ТҮРКІСТАН: Бір мектептің 27 түлегі «Алтын белгі» иегері атанды

0
487

Биылғы оқу жылында мұнда 88 оқушы аяқтаған.


ТҮРКІСТАН: Бір мектептің 27 түлегі «Алтын белгі» иегері атанды

Жетісайда бір мектептен 27 түлек «Алтын белгі» иегері атанды, деп хабарлайды ERNUR.KZ.


Түркістан облысы, Жетісай ауданы Б.Момышұлы атындағы №6 мектеп-гимназиясында мектеп түлектеріне арналған аттестаттарды тапсыру салтанаты өткізілді. Биылғы оқу жылында мұнда 88 оқушы аяқтаған. Оның ішінде 27 түлекке – «Алтын белгі» және 14 түлекке – «Үздік аттестат» тапсырылды.


«Бүгінгі күн баршамыз үшін жүрек тебірентіп, көңіл толқытатын сәт. Олай дейтініміз мектеп қабырғасында ұлағатты ұстаздар қауымының тәлім-тәрбиесін алып, білім нәрімен сусындап өскен ұл-қыздарымыз жаңа өмір әлеміне нық сеніммен қадам басқалы тұр. Сапарларың оң болсын, жас түлектер!», – деді мектеп-гимназия директоры Шохан Нұрбеков.


Жалпы өткен аптаның соңында 11 жыл бойы үздік атанған түлектер өздері оқыған білім ордасында «Алтын белгі» табысталды. 2023-2024 оқу жылында Түркістан облысында 1704 түлек «Алтын белгі» иесі атанды. Сондай-ақ 2400 оқушы «Үздік аттестат» алды.


Айта кетейік, биыл мемлекеттік қорытынды емтихан 9-сынып оқушылары үшін 29 мамырдан бастап, 10 маусым аралығында жүргізілді. Ал 11-сынып оқушылары 28 мамырдан 11 маусым аралығында қорытынды емтихандарын тапсырды.