ТҮРКІСТАН: Бір отбасынан 20 адам онлайн санақтан өтті

0
657

Қос ғасырдың куәгері жерелстерін маңызды шараға белсенді қатысуға шақырады.


ТҮРКІСТАН: Бір отбасынан 20 адам онлайн санақтан өтті

Жетісай ауданында бір отбасынан 20 адам онлайн санақтан өтті, деп хабарлайды ERNUR.KZ.


Түркістан облысында 273 мың азамат Ұлттық халық санағын онлайн түрде өтті. Солардың бірі Жетісай қаласының тұрғыны 95 жастағы Қыздаркүл Оңалбекова бүкіл отбасымен жалпыұлттық халық санағына қатысып, онлайн режимінде тіркелді. 9 перзентті дүниеге әкелген батыр ана 45 немере мен 22 шөбере өсіріп отыр. Қос ғасырдың куәгері жерелстерін маңызды шараға белсенді қатысуға шақырады.


«Санақтың жүргізілуі құптарлық іс. Өйткені, өмірде есепсіз ештеңе болмайды, бәрінің есебі жүруі керек. Есепке алынған соң, соған қарап мектеп, балабақша, аурухана, үй салады. Бәрі де өзіміздің игілігіміз үшін», - дейді батыр ана.


Халық санағы – белгілі бір уақыт шеңберінде бүкіл елдің халқының немесе оның бір бөлігінің демографиялық, экономикалық, әлеуметтік сипаттағы ақпаратын жинау, өңдеу, жариялау, тарату мақсатындағы жалпымемлекеттік статистикалық шаралар.


Дәстүрлі санақ кезінде өзін санақшы ретінде таныстырған өкілдің арнайы бейджигі және ондағы қойылған басқарма басшыларының қолы мен мөрі болуы шарт, бұл арқылы алаяқтықтардан сақтануға болады. Бұдан бөлек, халық sanaq.gov.kz сайты арқылы 1 қыркүйектен 15 қазанға дейін онлайн режимде өтуге де болады. Пандемия кезінде онлайн түрде санақтан өту қауіпсіз, әрі уақытты үнемдеуге зор мүмкіндік.


Арнайы сайт арқылы отбасынан бір адам ЖСН-і бойынша бүкіл отбасын онлайн тіркеуге болады. Оған қоса, Қазақстан Республикасының кез-келген тұрғыны санақ бойынша қосымша мәлімет алу үшін «1446» байланыс орталығына хабарласа алады. Айта кетсек, ағымдағы жылдың 1-қыркүйегінен бастап Қазақстанда халық санағы басталды. Санақ 30 қазанға дейін өтеді.