ТҮРКІСТАН: Индустриалды аймақты тазалау, көгалдандыру жұмыстары жүріп жатыр

0
209

Келесі жылы да облыс көлемінде тазалық, абаттандыру жұмыстары жалғасып, жаңаша бағытта үйлестіріліп, жүйелене түседі.


ТҮРКІСТАН: Индустриалды аймақты тазалау, көгалдандыру жұмыстары жүріп жатыр

Түркістандағы индустриалды аймақты тазалау, көгалдандыру жұмыстары жүруде, деп хабарлайды ERNUR.KZ.


Түркістан облысында «Таза Қазақстан» бағдарламасы тұрақты жүргізілуде. Келесі жылы да облыс көлемінде тазалық, абаттандыру жұмыстары жалғасып, жаңаша бағытта үйлестіріліп, жүйелене түседі. Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалдының төрағалығымен өткен аппарат мәжілісінде осы саладағы мәселелер талқыланды. Маңызды жиында өңір басшысы тазалық пен абаттандыру шараларын тек сенбілікпен шектемей, осы бағыттағы жұмыстарды ширата түсуді тапсырды.


– Президентіміздің бастамасымен қолға алынған «Таза Қазақстан» экологиялық акциясын келесі жылы да жалғастырып, апта сайын пысықтап отырамыз. «Таза Қазақстан» акциясы өмірлік дағдыға айналуы тиіс. Тұрғындар арасында да түсіндіру, экологиялық сауаттылықты көтеру жұмыстарын тоқтатпау керек. Әсіресе, облыс орталығы – Түркістан өзгелерге үлгі болуы тиіс. Бұл ретте полицияның да белсенділігі талап етіледі. Индустриалды аймақтарды тазалап, көгалдандыруды тапсырғанмын. Инвесторлар тарту үшін тазалық маңызды. Жұмысты ширатыңыздар. Күзгі ағаш егу науқанын сапалы атқару да маңызды. Осы аймаққа жерсінетін, өсетін ағаштар отырғызылуы қажет, – деді Дархан Сатыбалды.


Мәжілісте Ұйымдастыру-инспекторлық жұмыс және аумақтық даму бөлімінің басшысы Нұркен Аралбеков аудан, қалаларда абаттандыру, көгалдандыру және тазалығына жүргізілген мониторинг нәтижесі туралы баяндады.


Түркістан облысы әкімінің бірінші орынбасары Зұлпыхар Жолдасов «Таза Қазақстан» акциясы аясында бекітілген кестеге сәйкес атқарылып жатқан жұмыстарға тоқталды. Жыл соңына дейін бекітілген кестеге сәйкес, 807 тазалық шарасын өткізу жоспарланған. Қазіргі таңда аудан, қалаларда жалпы 732 ауқымды сенбілік өткізілді. Аудан мен қалаларға кіреберіс аумақтарын реттеу, тазалау жұмыстары жүргізілуде. Сондай-ақ келесі жылға бағдарлама аясында барлық мемлекеттік және жеке секторды қамтитын ауқымды іс-шараларды өткізу жоспарланып отыр. Іс-шара тек сенбілікпен шектелмей, бағдарламаны жаңа үлгіде өткізу бойынша Жол картасы әзірленуде.


Телеграмм бот платформасында бүгінгі таңда, 546 өтінім түскен. Оның ішінде: 529 өтінім орындалған, 1 өтінім орындалу барысында, 16 өтінім мағынасыз болғандықтан қайтарылды.


Облыс әкімінің тапсырмасымен Түркістан қаласындағы индустриалды аймақты секторларға бөліп, ретке келтіру жұмыстары жүргізілуде. Бүгінгі таңға 60 гектардан астам аумақ ретке келтірілді. Сондай-ақ бұл аймақта сенбі күні бекітілген басқармалар бірлесіп, жүмыс істеді. 880 ағаш отырғызылды және 2 шақырым жол бойы тазаланып, 1 шақырымнан астам жол жиегі әктелді. Бұл сенбілікке 9 басқарма немесе 315 мемлекеттік қызметшілер атсалысты.


Биыл қоғамдық орындарда заң талаптарын бұзған тұлғаларға 26 113 мыңнан астам хаттама толтырылып 305,7 млн. теңгеге айыппұл салынды. Сондай-ақ абаттандыру қағидасына сәйкес іргелес жатқан аумақтың тазалығы бойынша 60 902 жеке тұрғын үй мен 29 954 кәсіпкерлік нысанына мониторинг жүргізілді. Нәтижесінде 1 381 ескерту және 647 айыппұл салынған. Қағиданың сапалы орындау бағытындағы жұмыстар күнделікті жүргізіледі. Жалпы «Таза Қазақстан» бағдарламасының өтуі тұрақты қадағалануда.


Жиында облыс әкімі тарапынан аудан, қала әкімдері мен жауапты басқарма басшыларына тазалық, абаттандыру жұмыстарын жандандыру жөнінде тапсырмалар берілді.

Бөлісу