ТҮРКІСТАН: Қ.А.Ясауи университеті жыл қорытындысын жариялады

0
91

Бүгінде оқу орны 175 білім беру бағдарламасы бойынша мамандар даярлап жатыр.


ТҮРКІСТАН: Қ.А.Ясауи университеті жыл қорытындысын жариялады

Түркістандағы Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университеті жыл қорытындысын жариялады, деп хабарлайды ERNUR.KZ.


Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университеті 2024-2025 оқу жылын табысты қорытындылап, білім, ғылым және халықаралық ынтымақтастық салаларында жаңа жетістіктерге жетті. Бұл туралы оқу орнының ректоры Жанар Темірбекова университет ұжымы мен қоғам алдында өткен есеп беру жиынында баяндады.


Іс-шараға Түркістан облысының құрметті азаматтары, облыс және қала әкімдігінің өкілдері, қоғам белсенділері, облыстық мәслихат депутаттары, облыстық Ақсақалдар кеңесінің мүшелері, БАҚ өкілдері, университет ұжымы мен студенттер қатысты.


Ректор Жанар Темірбекова өз баяндамасында өткен оқу жылының негізгі жетістіктеріне тоқталды:


«2024-2025 оқу жылында Ахмет Ясауи университеті ұлттық және халықаралық деңгейдегі беделін нығайтып, жетекші жоғары оқу орындарының қатарынан көрінді. QS World University Rankings 2025 нәтижесінде университет 761–770 аралығында, ал Asia University Rankings тізімінде 193-орында орналасқан. Сондай-ақ, Орталық Азия университеттері арасында 9-орынға тұрақтады. Бұл көрсеткіштер – біздің академиялық сапамыз бен халықаралық беделіміздің жүйелі түрде артып келе жатқанын айғақтайды», – деді.


Оқу орны, сондай-ақ, QS Subject Rankings, QS Sustainability Rankings және Times Higher Education Impact Rankings рейтингтерінде де өз позициясын едәуір жақсартқан.


Осындай көрсеткіштердің жемісі болар, биылғы оқу жылында Халықаралық қазақ-түрік университетін таңдап, оқуға түскен студенттердің де саны артқан. 2025–2026 оқу жылына бакалавриат, магистратура, докторантура және резидентура бағдарламалары бойынша 2874 студент қабылданды, бұл өткен жылмен салыстырғанда 16,3%-ға артық. Бүгінде оқу орны 175 білім беру бағдарламасы бойынша мамандар даярлап жатыр.


Есептік кезеңде университет ғалымдары да жоғары нәтижелерге қол жеткізген. Зерттеушілер 1 млрд 229 млн теңге көлеміндегі ғылыми жобаларды жеңіп алған. Бұл алдыңғы жылмен салыстырғанда 1,7 есеге артық. Бұған қоса, ғылыми базаны жаңарту мақсатында 2024 жылы университетте 8 жаңа зертхана ашылған.


Ғалымдарды ынталандыру мақсатында 2025 жылы ғылыми еңбектері үшін 29,4 миллион теңге көлемінде марапаттау қаражаты бөлінген.

Бөлісу