Мәселелерді оңтайлы шешу бойынша тиісті бөлімдерге тапсырмалар берді.
Қазығұрт ауданындағы кездесуде әкімге маңызды ұсыныстар айтылды, деп хабарлайды ERNUR.KZ.
Қазығұрт ауданының әкімі Арман Абдуллаев кестеге сәйкес Алтынтөбе және Жаңабазар ауыл тұрғындарымен кездесті. Сұрақ-жауап форматында өткен кездесудің алдында Қазығұрт ауданында былтыр атқарылған жұмыстар жөнінде қысқаша бейнебаян көрсетілді.
Кездесулер мен жеке қабылдау барысында тұрғындар тарапынан егістік жер мәселесі, ауыз су, Келес өзенінің арнасын туралау, ішкі көшелерді асфальттау және басқа да әлеуметтік маңызы бар сұрақтар қойылды. Аудан әкімі әр сұраққа жеке-жеке жауап беріп, мәселелерді оңтайлы шешу бойынша тиісті бөлімдерге тапсырмалар берді.
Кездесуде аудан басшысы әр тоқсан сайын аудан тұрғындарымен кездесулер өткізіп тұратынын айтты. Кездесу барысында көтерілген мәселелер назарға алынып, оған арнайы хаттама түзіліп, әр мәселені шешу бойынша жұмыстар атқарылады.
Бұған дейін де Арман Абдуллаев қоғамдық қабылдаулар өткізіп, ол түйткілдердің бірқатарын жедел шешкен болатын. Аудан арқылы өтетін жолдардың құрылысын да жіті бақылап, талапқа сай болуын қадағалап келеді.
Айта кетейік ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев «Барлық деңгейдегі әкімдер жыл бойы халықпен кездесулер өткізсін. Кездесулер барысында халықты толғандыратын әлеуметтік мәселелерге баса назар аудара отырып, Қазақстанды жаңғыртудың жаңа бағдарының негізгі бағыттары туралы хабардар етсін және проблемалық мәселелерді шешудің жолдары мен мерзімдерін түсіндірсін» деген болатын. Осыған орай, Түркістан облысының аудан, қалаларының әкімдері ауылдарды, елді мекендерді аралап, елдің ұсыныстары мен өтініштерін тыңдап жатыр.