ТҮРКІСТАН: Келесте «Ауыл – ел бесігі» жобасымен 25 нысан жөндеуден өтеді

0
903

2019 жылдың 8 айында 4 млрд. 323,1 млн теңгеге 27 нысанның құрылыстары жүргізілген.


ТҮРКІСТАН: Келесте «Ауыл – ел бесігі» жобасымен 25 нысан жөндеуден өтеді

Түркістан облысы, Келес ауданында 25 нысан қайта жаңартылатын болады, деп хабарлайды ERNUR.KZ.

Келес ауданында «Ауыл – ел бесігі» мемлекеттік бағдарламасы аясында жалпы саны 23 ішкі көше жөнделіп, орталық стадион мен аудандық мәдениет үйі толық қайта жаңғыртылатын болады. Бұл 25 нысанға республикалық бюджеттен 1 млрд. 229,3 млн теңге қаржы бөлінген. Бұл туралы Келес ауданында журналистермен өткен кездесу барысында аудан әкімі Ақментай Есбаев мәлімдеді.

Сонымен қатар, аудан басшысы аймақта өндірілген жалпы өнім көлемі ағымдағы жылдың 8 айында 30,9 млрд теңгеге жеткенін баяндады.

«Кірістер бойынша 2019 жылдың 8 айында жергілікті бюджетке түсетін салықтар мен басқа да түсімдердің жоспары 96,8%-ға орындалды. Ал осы мерзімде белсенді шағын және орта субъектілер саны 8500 бірлікке жетіп, онда жұмыс істейтін адамдар саны 18,1 мың адамды құрады. «Индустриалды-инновациялық даму» мемлекеттік бағдарламасы шеңберінде, кәсіпкерлікті қолдау картасы аясында жалпы құны 327,4 млн. теңгені құрайтын 2 жобаны 2019 жылы іске қосу жоспарланған. 2018 жылы құны 250 млн теңге болатын 1 жоба іске асырылып, 50 жұмыс орны ашылды», - деді Ақментай Үсенұлы.

Бұдан өзге, аудан бойынша 2019 жылдың 8 айында 4 млрд. 323,1 млн теңгеге 27 нысанның құрылыстары жүргізілген: білім саласында - 2 нысан, табиғи газбен қамтуда - 1 нысан, ауыз сумен қамтуда - 13 нысан, сапалы электр қуатымен қамтуда - 11 нысан. Оның ішінде 4 жаңа нысанның құрылысы пайдалануға берілді.

Инфрақұрылым бойынша елді мекендерге шаққанда Келес ауданында табиғи газбен қамту үлесі – 65%, ауыз сумен қамту – 54,4% болса, сапалы электр қуатымен қамту – 65%. Саладағы жұмыстар жалғасын табатын болады. Сондай-ақ, 2020 жылға қарай 43,9 шақырымды құрайтын ауданның 30 ішкі көшелерін жөндеу жоспарлануда.