Өңірімізде жыл басынан бері «Сovid-19» ауруына шалдыққан 3352 адам тіркелді.
Түркістан облысында Халыққа қызмет көрсету мекемелерінде жұмыс істейтін азаматтарға вакцина салу міндеттеледі, деп хабарлайды ERNUR.KZ.
ҚР Бас мемлекеттік санитариялық дәрігерінің қаулысына сәйкес, азаматтар 15 шілдеге дейін «Covid-19» індетіне қарсы екпенің бірінші компонентін, 15 тамызға дейін екінші компонентін қабылдауы тиіс. Вакцина алмаған қызметкерлер жұмысқа жіберілмейді немесе ондай азаматтар аптасына 1 рет өз қаражаты есебінен ПТР тест тапсырып тұруға міндетті. Алайда, мұндай талаптар медициналық қарсы көрсетілімі бар және соңғы 3 ай ішінде кароновируспен ауырып жазылған азаматтарға қойылмайды. Бұл туралы бүгін Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Түркістан облысының бас санитариялық дәрігері Нұрбек Нышанов мәлімдеді. Оның айтуынша, соңғы шыққан қаулыға сәйкес меншік нысанына қарамастан облыстағы барлық ұйымдардың басшыларына қызметкерлеріне профилактикалық егу жүргізу жұмыстарын ұйымдастыру тапсырылып отыр.
«Өңірімізде жыл басынан бері «Сovid-19» ауруына шалдыққан 3352 адам тіркелді. Ал, вирусты пневмониямен 2744 азамат ауырды. Аймақтың эпидемиологиялық бағалау матрицасы бойынша жасыл аймақтар қатарында. Облыста соңғы екі аптада короновируспен тіркелу жағдайы 1,6 есеге өсті. Статистика нәтижесінде ең алдымен 14-жасқа дейінгі балалар, 20-29 жастағы азаматтар мен жасы 60 тан асқан зейнеткерлер арасында коронавирус жұқтыру көрсеткіші жиі кездесіп отыр. Осыған байланысты ел ішінде аурудың кең таралуын болдырмау мақсатында карантиндік талаптар күшейтілуде», – деді Н.Нышанов.
Өз кезегінде «Атамекен» кәсіпкерлер палатасы директорының орынбасары Зухра Амирова «Ashyq» ашық қосымшасының өңірімізде қолдану белсенділігі туралы да баяндады. Оның сөзінше, жобаны пайдалану үшін 672 өтінім түскен. Оның 561-і қосылып, жұмысын атқаруда, ал 88-і QR код алса, соңғы екі аптада келушілер санын мүлде тіркемеген 44 нысан жобадан шеттетілді.
Сондай-ақ, директор орынбасары бизнес өкілдері қосымша арқылы жұмыс істеуге дайын болғанымен, мекемеде келушілердің мәртебесін тексеретін қызметкерлердің жетіспеушілі аздап қиындық тудырып жатқанын айтады.
Айта кетелік, Ashyq жобасымен жұмыс істейтін нысандарға келушілер Ashyq қосымшасымен қатар Aitu, Egov mobile, Kaspi.kz, Halyk Homebank, Sberbank.kz платформаларын қолдана алады.