Дархан Сатыбалдының мерекелік тартуы жеткізілді.
Түркістан облысының дамуына еңбек сіңірген белсенді қоғам қайраткерлері сый-құрметке бөленді, деп хабарлайды ERNUR.KZ.
Түркістан облысының дамуына еңбек сіңірген белсенді қоғам қайраткерлері, оңтүстіктің ардақты аналары 8 Наурыз – Халықаралық әйелдер күнінде сый-құрметке бөленді. Білім және мәдениет салаларының ардагерлеріне өңір әкімі Дархан Сатыбалдының мерекелік тартуы жеткізілді.
Ұзақ жылдар бойы ұстаздық етіп, Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының депутаты болған Сайлаукүл Барақова және журналист, жазушы, мәдениет саласында 6 жыл басшы қызметтерін атқарған Күлия Айдарбековаға мерекелік құттықтауды облыс әкімінің орынбасары Бейсен Тәжібаев үйлеріне арнайы барып, табыстады. Сондай-ақ шараға Облыстық мәдениет басқармасының басшысы Әзімхан Қойлыбаев та қатысты.
"Қанша жасқа келсек те, осы мерекені күтетініміз, көктем көңіл 8 наурыз күні орнайтыны белгілі. Мен зейнеткерлікте болсам да, ел азаматтарының гүлін ұсынып, дастарханымнан тәм татқаны мен үшін үлкен қуаныш", - деген Күлия Смайылханқызы барша әйелдер қауымын мерекемен құттықтады.
Мұнан соң облыс әкімінің орынбасары педагог, ақындық өнерімен қазақ елінің мақтанышына айналған Ханбибі Есенқарақызын құттықтауға жол тартты. Қазіргі таңда Ханбибі Есенқарақызы сырқаттануына байланысты ауруханада ем қабылдауда. Ақын басшылардың ықыласын қуанышпен қабылдап, атқарып жатқан жұмыстарына оң бағасын берді.
"Оңтүстік Қазақстан өңірінің дамуына көптеген тұлғалар қызмет етті. Солардың ішінде әйелдер қауымының сіңірген еңбектері ерекше. Ең қиын кезеңдерде елді білімге тәрбиелеп, мәдениетке үйрету, күндіз-түні жанын салып жұмыс істеу ол оңай емес. Зейнетке шыққан Сайлаукүл Жаппарқызы соңғы жылдары қоғамдық істерде жиі көрінбей, отбасылық тіршілігін сүріп жатыр. Қадірлі ұстазды іздеп, мерекеде көңіл бөлуді ұйғардық. Кездесуде өңірдегі білім саласындағы проблемалар мен даму перспективалары жөнінде пікір алмастық. Қазақ әдебиеті мен руханиятының ілгерілеуіне үлес қосқан, шығармашылығын ел мойындаған Ханбибі Есенқарақызының хал-жағдайын біліп қайттық. Қайтпас-қайсар мінезі және рухты өлеңдерімен қоғамның ілтипатына ие болып келеді. Ал Күлия Смайылханқызы мәдениет, руханият саламына тың серпіліс әкеліп, өңірдің дамуына үлес қоса білді. Облыс басшысының атынан ардақты әпке-апаларымызға құттықтауды жеткізіп, марапатын тапсырдық. Бұл жандардың есімі мен өнегелі істерін өңір азаматтары құрметпен атайды. Қоғамның темірқазығына айналған тұлғаларға денсаулық тілейміз", - деді Бейсен Дәулетұлы.