Мал бордақылау кәсіпкерлігін дамыту үшін несие алып беремін деп алдап кеткен.
Түркістан облысы полицейлері қомақты несие алып беремін деп тұрғынды алдаған алаяқты ұстады, деп хабарлайды ERNUR.KZ.
Шардара АПБ-не жергілікті тұрғын арызданған. Ол өз арызында осыдан 3 жыл алдын ауылдағы бір танысы қомақты несие алып беремін деп, 420 000 теңгесін алып кетіп, алаяқтық жасағандығын жеткізді. Белгілі болғандай, ауылдасы, банктерде танысы барын айтып, жәбірленушіге мал бордақылау кәсіпкерлігін дамыту үшін 3 миллионнан астам теңге шығарып береміз деп ақшаны алғаннан кейін, ешқандайда несие алып бермеген. Жәбірленушінің айтуынша, алаяқ осы уақытқа дейін несиені әні шығарамыз, міне шығарамыз деп созбаланға салған. Амалы таусылған ер азамат, тіпті өз ақшасын ала алмағаннан соң, араға 3 жыл салып барып, полицейлерге арызданған.
Аталған жайт Шардара АПБ сотқа дейінгі тергеп-тексерудің бірыңғай тізіліміне енгізіліп, ҚР ҚК-нің 190-бабы бойынша тіркелді. Алаяқты қолға түсіру мақсатында аудандық полицейлер тез арада іске кірісіп, қажетті деп танылған барлық іс-шараларды іске асырды.
Нәтижесінде, күдіктіні өз үйінен ұстады. Сондай-ақ, тәртіп сақшылары күдіктінің бұрында алаяқтық жасап, 3 жылға шартты мерзімге кесілгенін анықтады. Сотқа дейінгі тергеу барысында, күдікті өз кінәсін толық мойындады. Іс сотқа жолдануда. Ал, алаяқтың бас шарасы «қолхатта».