Мақтаарал ауданының әкімі қарияларға деген ақ дастарханын жайды.
1 қазан - Қарттар күні мерекесі қарсаңында Мақтаарал ауданының орталығы Мырзакент кентіндегі "Гүлсара" мейрамханасында "Қарттарым - асыл қазынам" атты мерекелік кеш ұйымдастырылды, деп хабарлайды ERNUR.KZ.
Қашанда үлкенді сыйлау, қарияны құрметтеу дәстүрі – қазақ халқының ата салты екені белгілі. Елімізде қарт адамдарға деген ықылас жыл сайын артып, мемлекет тарапынан оларға көрсетілетін көмектің көлемі де ұлғайып келеді. Мақтаарал ауданында бұл күн қарттарымыздың ғұмырбойы істеген еңбектеріне әрі ауданымыздың дамуына қосқан зор үлестеріне сай етіліп сыйқұрмет көрсетілді. Биыл да мерейлі мереке өз деңгейінде атап өтіліп, аудан әкімінің қарияларға деген ақ дастарханы жайылды.
"Сіздердің бойларыңыздағы өмірге деген шексіз белсенділік, ерік-жігер бүгінгі жастарға үлгі-өнеге. Сіздердің көпшілігіңіз өз жастарыңызға қарамастан өскелең ұрпақты тәрбиелеуде белсенділік көрсетіп, еңбек еттіңіздер. Біз сіздердің бай тәжірибелеріңізді жоғары бағалаймыз. Сіздерге баянды бақыт, мәнді өмір, зор денсаулық пен амандық тілейміз, бүгінгі ұрпақтарыңыздың өздеріңізге деген сарқылмас сүйіспеншілігі мен мақтаныш сезімі арта берсін!" - деді Бақыт Асанов.
Мұнан соң қазыналы қарттарға аудан әкімінің алғыс хаттары мен сый-сияпаттары табысталып, аудандық мәдениет үйінің қызметкерлері тарапынан концерттік бағдарлама қойылды.
Жалпы өткен аптаның соңында аудан әкімі Бақыт Насырханұлы ауданымыздағы Ұлы Отан соғысы және тыл ардагерлерінің шаңырағында болып, өзінің мерекелік сыйлықтарын табыстаған болатын. Сондай-ақ, мақтааралдық белсенді жастар "Ардагерлерді ардақтайық" атты ұранмен көмекке мұқтаж қариялардың үйіне барып, күнделікті шаруаларына жәрдем беруде.
Айта кетейік, бүгінгі күні ауданымызда 7863 зейнеткер бар. Оның үшеуі Ұлы Отан соғысының ардагерлері, 23-і тыл ардагерлері. Жалғызілікті қариялар қатарында 195 адам бар. Қарияларымыздың денсаулығын жақсартып, сауықтыру мақсатында "Ардагерлер үйі" мен "Мейір" ардагерлер үйлеріне 318 жолдама, Жетісай ауданындағы "Төлеген", "Әмзе" шипажайларына 203 жолдама берілген.