​ТҮРКІСТАН: Мақтааралда бетон зауыты айына 25-30 миллион теңгенің өнімін өндіріп отыр

0
1 727

57 азаматты тұрақты жұмыспен қамтып отырған кәсіпорында орташа жалақы 130 мың теңгені құрайды.


​ТҮРКІСТАН: Мақтааралда бетон зауыты айына 25-30 миллион теңгенің өнімін өндіріп отыр

Мақтаарал ауданында айына 25-30 миллион теңгенің дайын өнімін шығаратын кәсіпорын жұмыс істеуде деп хабарлайды ERNUR.KZ тілшісі.

2009-жылы Шымкент қаласында негізі қаланған «Ғибрат Құрылыс» ЖШС биыл Мақтааралда қайта тіркеуден өткен.

Шолпан Дүйсенбина басшылық ететін кәсіпорын Мақтааралда ПУИД-2 жобасыаясында жалпы жобалық құны 115 миллион теңгенің тапсырысын қабылдап, ағын су жүйелерін салу мен оларға қажетті өнімдер шығару, каналдарды тазартудан бөлек, газ желілеріне және түрлі мекемелер мен жеке тұлғалардың тапсырысы бойынша түрлі темір-бетондар жасауда.

«Түркияның «Умман» фирмасының зауытында шығарылған алып қондырғы сағатына 60 куб дайын бетон шығаруға қауқарлы. Сол қондырғының арқасында біз ай сайын 4 түрлі 250-260 дайын өнім шығара аламыз. Өзімізге қажетті шикізаттардың барлығын да Шымкенттен алдырамыз. Себебі жеткізушілерімізбен талай жылдан бері жұмыс істеп келе жатқандықтан олар бізге тек сапалы өнім жіберуде»,- дейді кәсіпорынның инженер-технологы Әбдірахман Қарабеков.

57 азаматты тұрақты жұмыспен қамтып отырған кәсіпорында орташа жалақы 130 мың теңгені құрайды. Жұмысшылар ыстық тамақпен, жатын орынмен толық қамтылған. Ай сайын орта есеппен 25-30 миллион теңгенің өнімін шығаратын кәсіпорын басшылығы сұраныс пен ұсынысқа қарай өнім көлемін арттыруға қауқарлы екендіктерін айтады.

Сонымен қатар, кәсіпорын басшылығы аудан көлемінде орналасқан арнайы индустриялды аймақтан жер бөлініп берілсе темір-бетон өндіретін кәсіпорынды қазіргідей уақытша емес, тұрақты салар едік деген ұсыныстарын да жеткізді.

Аталмыш мәселеге қатысты аудандық кәсіпкерлік бөлімінің басшысы Қанат Әбдірахманов индустриялды аймаққа орналасуға қажетті қажетті құжаттардың тиісті органдарға жіберілгенін, рұқсат қағаздары келісімен еш кедергісіз орналастырылатындығын айтады.