ТҮРКІСТАН: Мақтааралда қарт майдангерлерге сый-құрмет көрсетілді

0
1 901

1418 тәулікке созылып, тарих беттерінде ІІ Дүние жүзілік сурапыл соғыс деген айдармен қалған қанды қырғынның салған ізі күн санап тарих қойнауына енгенімен, жеңістің қадірі артып келеді. Бұл қанды қырғында орта есеппен тәулігіне 14 108 адам, сағатына 588 адам, ал, минутына 10 адамнан қаза тауып отырған. Жау жағадан алғанда тасада қалмай майданға аттанған Қазақстандық оғландардың бұл жеңісте өзіндік ерліктері бар.


ТҮРКІСТАН: Мақтааралда қарт майдангерлерге сый-құрмет көрсетілді

Мерекелік шара мәңгілік алауға Мақтааралдықтардың гүл шоқтарын қою рәсімінен басталды. Алаңға әскери шатыр тігіліп, қонақтарға мерекелік дастарханнан дәм татқызылды деп хабарлайды ERNUR.KZ тілшісі.

Осындай ерліктерді дәріптеп, жас ұрпақтарға үлгі ету мақсатында Мақтаарал ауданы әкімдігінің ұйымдастыруымен қарт майдангерлерге сый-құрмет көрсетіліп, Мырзакент кентінің орталық алаңында мерекелік іс-шара ұйымдастырылды.
Мерекені салтанатты түрде ашып берген аудан басшысы Бақыт Асанов пен аудандық мәслихат хатшысы Қадыр Сәрсекбаев ақ алтынды аймақ халқын айтулы мерекемен құттықтап, ізгі тілектерін жеткізді.
Салтанатты ашылу рәсімінен кейін аудан өнерпаздары мерекелік концерттік бағдарламаларын ұсынып, патриоттық әндер шырқады. Би биледі. Мерекелік шарадан соң аудан басшысы бастаған зиялы қауым өкілдері Кеңес Одағының Батыры Жолдыбай Нұрлыбаевтың Мырзакент кентіндегі ескерткішіне гүл шоқтарын қойып, тағзым етті.
Бұған дейін де Ұлы Жеңістің 74 жылдығы мерекесі аясында ел басына күн туғанда қолына қару алып қан майданға аттанған, жау жасағын ойсырата жеңіп елге жеңіспен оралған қарт майдангерлердің істерін өскелең ұрпаққа өнеге ете отырып, оларға сый-құрмет көрсету мақсатында аудан басшысы мен аудандық мәслихат хатшысы, ауданның белсенді жастары күн санап қатары сиреп бара жатқан ардагерлер мен тыл еңбеккерлерінің, конслагерь тұтқындарының үйлеріне барып мерекемен құттықтаған, қаржылай және заттай құрмет көрсетіп, иықтарына шапан жапқан болатын.
Ия, 4 жылға созылған сұрапыл соғыста кеудесін от пен оққа тосқан ардагерлердің ерліктері ел есінде мәңгіге сақталып қала бермек. Оларға сый-құрмет көрсету, ерліктерін дәріптеу баршаға ортақ міндет.