ТҮРКІСТАН: Мақтааралдағы инфрақұрылым жүйелері қалпына келтіріліп жатыр

0
896

40,1 шақырымды құрайтын 27 ішкі көшеге асфальт төсеу жұмыстары да жоспарланып отыр.


ТҮРКІСТАН: Мақтааралдағы инфрақұрылым жүйелері қалпына келтіріліп жатыр

Мақтааралдағы су басқан елді мекендерде инфрақұрылым жүйелері қайта қалпына келтірілуде, - деп хабарлайды ERNUR.KZ.

Қазіргі таңда Түркістан облысы Мақтаарал ауданындағы су басқан елді мекендердің инженерлік инфрақұрылымын қалпына келтіру жұмыстары 2 бағытта жүргізіліп жатыр. Атап айтқанда, аудан орталығы Мырзакент кентіндегі жаңадан бой көтеріп жатқан мөлтек аудан толықтай инфрақұрылыммен қамтылып жатса, Фирдауси, Өргебас, Жаңатұрмыс және Жеңіс ауылдарында ауыз су жүйелері қайта қалпына келтірілуде.

Бүгін Мақтаарал ауданының әкімі Бақыт Асанов пен облыс әкімінің орынбасары Мейіржан Мырзалиев аудан орталығындағы жаңа мөлтек ауданда инфрақұрылым жүйелерінің құрылыс жұмыстарын бақылап, орын алған кейбір кемшіліктер бойынша мердігер мекемелерге ескертулер жасады.

Жалпы жаңа мөлтек ауданда ауыз су, кәріз, электр, газ, байланыс, ағын су желілерін құру және абаттандыру жұмыстары бір уақытта жүргізіліп жатыр. 70 гектар аумақты алып жатқан аймақта 8 мердігер мекеме инженерлік инфрақұрылым жұмыстарын жүргізіп келеді.

Мұнан соң басшылар Фирдауси және Өргебас ауылдарында болды Фирдаусиде ауыз су жүйесі толығымен қайта құрылу үстінде екен. Мұнда ауыз желілері жаңартылып, ұңғыма қазылып, су мұнарасы тұрғызылуда. Ал, Жеңіс, Жаңа-тұрмыс және Өргебас ауылдарындағы ауыз су жүйелеріне ағымдағы жөндеу жұмыстары жасалды. Атап айтқанда, су есептегіш құралдары толығымен ауыстырылып, санитарлық қорғау аймақтары және су есептегішке арналған қорғаныс жәшіктері қайта қалпына келтірілген. Сондай-ақ, су құбырларына дезинфекциялау жұмыстары да жүргізіліпті.

Айта кетейік, Мақтаарал ауданындағы су басқан ауылдарда 40,1 шақырымды құрайтын 27 ішкі көшеге асфальт төсеу жұмыстары да жоспарланып отыр.