Облыс әкімінің орынбасары салтанатты шарада сөз сөйлеп, мемлекеттік қызметкерлерді кәсіби мерекемен құттықтады.
Мемлекеттік кірістер департаментіне 10 жыл толуына орай мерекелік шара өтті, деп хабарлайды ERNUR.KZ.
Бүгін Түркістан қаласындағы “Конгресс холл” көпсалалы кешенінде Қазақстан Республикасының қаржы министрлігінің мемлекеттік кірістер органдарына 10 жыл толуына орай мерекелік шара өтті. Жиынға Түркістан облысы әкімінің орынбасары Нұралхан Көшеров, Мемлекеттік кірістер департаменті басшысы Мақсат Нұрахаев, Түркістан қаласының әкімі Нұрбол Тұрашбеков, AMANAT" партиясы Түркістан облыстық филиалының төрағасы Алтынсары Үмбетәлиев және бірқатар басқарма басшылары мен мемлекеттік қызметкерлер қатысты. Облыс әкімінің орынбасары салтанатты шарада сөз сөйлеп, мемлекеттік қызметкерлерді кәсіби мерекемен құттықтады.
«Алдымен барлық мемлекеттік кірістер органдарының қызметкерлерін 10 жылдық кәсіби мерекемен құттықтаймын! Жалпы бұл орган қоғамдағы әлеуметтік тұрақтылықты, халықтың құқықтық білімін арттыру, бюджетке түсетін салық түсімдерін бақылау шараларын және экономикалық қауіпсіздікті қамтитын сала. Түркістан облысы республикада ең көп сыртқы экономикалық қарым-қатынас жүретін аймақтардың бірі саналады. Осы он жылдың ішінде экономикалық өсімге өз үлестеріңізді қосып келесіздер. Мемлекеттік кірістер департаменті мен облыс әкімдігінің бірлесуінің нәтижесінде жұмыстар сапалы әрі артығымен орындалуда. Экономиканың тұрақтылығы қаржыға байланысты, сіздерге еселі еңбектеріңіз үшін алғысымды білдіремін», деді Нұралхан Көшеров.
2018 жылы 19 маусымда Түркістан облысы бойынша Мемлекеттік кірістер департаменті болып қайта құрылды. Департаменттің құрылымына 15 басқарма, 8 кеден бекеті, 17 аумақтық Мемлекеттік кірістер басқармасы кіреді. Биылғы жылы 7 айлық салықтық түсімдер бойынша Мемлекеттік бюджетке 403 млрд теңге түсіп, жоспар 105,5 пайызға орындалған.
Облыста салық және кеден саласында 31 қызмет түрлері көрсетіледі. Сондай-ақ облыс көлемінде кеден бекеттері арқылы тәулігіне орташа есеппен 40 мыңнан астам сыртқы экономикалық қарым-қатынас жүргізіліп, 100 мың тоннаға жуық жүк шекарадан тасымалданады. Жалпы Департаментте және оған бағынысты құрылымдық бөлімдерінде 944 қызметкер жұмыс істейді.
Мерекелік жиында Түркістан облысы бойынша мемлекеттік кірістер департаментінің басшысы Нурахаев Мақсат Екматқұлұлы барша қызметкерлерді кәсіби мерекемен құттықтады.
Айта кетейік, облыс көлемінде салық төлеушілерге шұғыл ақпараттар беріп, қызметтер көрсету үшін Департаменттің бірыңғай байланыс орталығы жұмыс істейді. Орталыққа күніне 500-ге жуық салық төлеушілер түрлі мәселелерімен хабарласып кірістер органдарына бармай-ақ тиісті жауаптарын алу мүмкіндігі қарастырылған. Сондай-ақ Түркістан облысы халық көп шоғырланған аймақ болғанына қарамастан жалпыға бірдей декларациялаудың 3-ші кезеңінде міндетті 538 252 адамнан бүгінгі таңға 454 183 тұлға тапсырған.
Мерекелік кеште ҚР Қаржы министрлігінің Мемлекеттік кірістер комитетінің 10 жылдық төсбелгісімен Түркістан облысы әкімінің орынбасары Нұралхан Көшеров, Түркістан қаласының әкімі Нұрбол Тұрашбеков "AMANAT" партиясы Түркістан облыстық филиалының төрағасы Алтынсары Үмбетәлиев және бірқатар мемлекеттік кірістер органының зейнеткер қызметкерлері марапатталды.