Піралиевтер әулеті өз қаржысынан салып, туған жеріне сый жасап отыр.
Түркістан облысы Түлкібас ауданында Ұлыстың ұлы күні Наурыз мерекесі қарсаңында жаңадан спорт кешені ашылды, - деп хабарлайды ERNUR.KZ.
Салтанатты жиынға аудан әкімінің орынбасары Е.Күзембаев арнайы қатысып, жергілікті тұрғындарды қуаныштарымен құттықтады.
«Байқадам» деп аталатын спорт кешенін Піралиевтер әулеті өз қаржысынан салып, туған жеріне сый жасап отырғанын айта кету керек.
Ғимараттың ашылу рәсімінің соңы шағын футболдан аудандық турнирге ұласты. Карантиндік талаптарды сақтай отырып өткізілген жарысқа барлық ауылдық округтерден бірнеше командалар қатысып, өз ара мықтыны анықтады.
Сайыстың нәтижесінде жүлделі І орынды «Сейсенбаевтар» отбасының командасы жеңіп алса, Састөбе кентінің құрамасы ІІ орыннан көрінді. Ал, ІІІ орынды Мичурин ауылдық округінің құрамасы иеленді. Жүлделі орындардан көрінген командалар бағалы сыйлықтар және дипломмен марапатталды.
Айта кетейік, Түлкібас ауданында 8 спорттық нысан жұмыс істейді. Оның 5-еуі облыстық мекеме болса, 3-еуі мемлекеттік-жекешелік әріптестік шеңберінде ашылған кешендер. Жалпы ауданда 3700-ге жуық бала спорттың 20 түрімен айналысады.
Қазіргі таңда ауданда тұрақты түрде спортпен шұғылданушылар саны 31,3% жеткен. 2025 жылға дейін бұл көрсеткішті 45% жеткізу жоспарланып отыр.