Түркістан музыкалық драма театрының IV маусымы «Шәмшімен» ашылады

0
245

Автордың келісімімен қойылым атауы «Вальс королі» болып өзгертілген.


Түркістан музыкалық драма театрының IV маусымы «Шәмшімен» ашылады

Түркістан музыкалық драма театрының IV маусымы «Шәмшімен» ашылады, деп хабарлайды ERNUR.KZ.


Түркістан музыкалық драма театрында IV маусымның ашылуына қызу дайындық жүріп жатыр. Жаңа маусым шымылдығын Байділдә Айдарбектің «Вальс королі» спектаклімен түріледі. Бұл туралы толығырақ театрда өткен баспасөз жиынында баяндалды.


Аталған театр биыл сәуір айында Қазақстан Жазушылар одағымен бірлесе отырып Қазақстанның халық әртісі, көрнекті композитор Шәмші Қалдаяқовтың өмірі мен шығармашылығына арналған республикалық драматургия байқауын жариялаған еді. Бәйгеге түскен шығармалар ішінен Байділдә Айдарбектің «Ән-ғұмыр» атты пьесасы жүлделі болды. Театрдың көркемдік жетекшісі әрі идея авторы Шынар Омарованың айтуынша халық қойған мәртебесін ұлықтау мақсатында автордың келісімімен қойылым атауы «Вальс королі» болып өзгертілген. Басты мақсаты да қазақтың ән падишасын әлемге таныту екенін атап өтті.


Спектаклді қоюға халықаралық деңгейдегі көптеген тәжірибелі мамандар атсалысқан. Қоюшы режиссері – Карло Шакаллуга «Вальс королі» атанған даңқты композитор Шәмші Қалдаяқовтың бай шығармашылығы мен әуелеген әнмен өрілген тағдырынан сыр шертетін қойылымды сахналау, қазақ ән өнерімен танысу қызық әрі жаңа деңгей болғанын жасырмады.


Театр басшысы Әлімхан Мырзахан еліміздің театрларында Шәмші туралы спектаклдер бірнеше рет қойылғанын, бұл жолы олардан өзгеше дайындалып жатқанын жеткізді. Тағы бір ерекшелігі, театрдың жаңадан құрылған музыкалық ансамблі мен хор ұжымы Шәмші Қалдаяқовтың үздік әндерін орындайды. Премьераға келген көрермендер Шәмші Қалдаяқов мұражайының экспонаттары мен ойнаған музыкалық аспаптарын тамашалап, ескерткіш суретке түсе алады.


Спектакль кейіпкерлерін толығымен Түркістан музыкалық драма театрының төл актерлері ойнайды. Баспасөз жиынында театр әртістері өз рөлдерінің жауапкершілігі мен осынау жолдағы ізденістерін, біртуар тұлға жайлы ойларын ортаға салды.


Басты рөлдерде – Данияс Нұрқабден, Қадыржан Төреханов, Али Марат, Сұлтан Мейірбек, Айя Дәрібаева, Аида Серікова, Темірлан Еркінғалиев, Сембай Нұрла, Мұзафар Ғалымжанұлы, Дінмұхаммед Алпысбек, Ақ-Сұлтан Әнуарбек, Мерей Құдайберген, Шерхан Саматұлы, Ұлан Әділбек, Шұғыла Жәнібекова, Болатбек Оспан, Ақбөпе Сабет, Инабат Абытхан, Айдана Аққали, Досымжан Арқабеков, Мейіржан Тұрсынов және тағы басқа.


Қойылымның сценографиясын қойған – Италияның «Architizer Prize and A.I.A Middle East» марапаттарының жеңімпазы «Gio Forma» студиясы,жарық жөніндегі суретшісі – Gaetano La Mela. Қоюшы хореограф – театрдың талантты бас балетмейстері Мадина Муратпекова. Музыканы өңдеген – Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Ербол Мұхамедиев. Еліміздің белді театрларында қызмет атқарған тәжірибелі маман, костюм жөніндегі суретші – Алма Сырбаева. Хормейстер – Ұлжан Болатханқызы. Музыкалық редакторы – Ақбала Ыбрайқызы.


Айта кетейік, аталған премьераны 4,5,6,7 қазан күндері қала қонақтары мен тұрғындары сағат 19:00-де тамашалай алады. Билеттер театр кассасында және ticketon.kz сайтында сатылымда.