ТҮРКІСТАН: Нан бағасын тұрақтандыру жөнінде меморандум жасалды

0
81

Нан – әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының ішінде үлесі жоғары, халықтың күнделікті рационында маңызды рөл атқаратын өнім.


ТҮРКІСТАН: Нан бағасын тұрақтандыру жөнінде меморандум жасалды

Түркістан облысында әлеуметтік маңызы бар азық-түлік, оның ішінде нан бағасын тұрақтандыру жұмыстары жалғасуда, деп хабарлайды ERNUR.KZ.


Әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарлары бағаларын тұрақтандыру бойынша облыс әкімінің орынбасары Қанат Қайыпбектің төрағалығымен мәжіліс өтті. Жиынға жауапты сала басшылары, «Түркістан» ӘКК» АҚ өкілдері, нан және ұн өндіруші компания өкілдері қатысты.


Облыс әкімінің орынбасары жауапты тұлғаларға берілген тапсырманы созбалаңға салуға жол жоқ екенін ескертіп, жеке кәсіпкерлерді бірлесе жұмыс істеуге шақырды.


– Нан – әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының ішінде үлесі жоғары, халықтың күнделікті рационында маңызды рөл атқаратын өнім. Сондықтан, оның бағасын негізсіз көтеруге жол берілмейді. Түркістан облысында нан және ұн өндіруші компаниялармен ашық диалог орнатуға дайынбыз. Біз әрқашан заң аясында мәселелерді шешуге атсалысып, осы бағытта өндіріс орындарына қолдау көрсетеміз. Сіздерді бірлесе жұмыс істеуге шақырамын, – деген Қанат Қайыпбек нан сапасына да ерекше көңіл бөлінетінін атап өтті.


Жиын барысында нан бағасын тұрақтандыру бойынша атқарылып жатқан жұмыстар, нан өндірушілерді арзандатылған ұнмен, сондай-ақ, нарықты арзандатылған нанмен қамтамасыз ету, жеңілдетілген қаржы алған нан өндірушілерімен міндеттемелердің орындалуы туралы баяндалды.


Тұрақтандыру қорында жергілікті Түркістан қаласынан ұн өндіруші комбинат «Insaf LTD» ЖШС-мен ұн жеткізу бойынша түзілген келісімшарт негізінде 1350 тонна ұн келісі 170 теңгеден сатып алынған. 1-сортты ұн тұрақтандыру қорының қоймасына тапсырысқа сәйкес жеткізіліп отырады. Бүгінгі таңда қоймада 35 тонна ұн бар. Келісімшартқа сәйкес ұнның қалған көлемі 1200 тоннаны құрайды. Ұн Тұрақтандыру қорының қоймасынан барлық әлеуметтік дүкендер мен супермаркеттерге таратылады. Дүкендерде ұн 190 теңгеден сатылады.


Қазіргі уақытта Тұрақтандыру қорында 7143 мың бөлке нан қоры бар. «Айналым схемасы» аясында Тұрақтандыру қорынан жергілікті 3 нан өндірушіге 0,01 пайызбен 500 млн теңге көлемінде несие берілді. Дүкендерге нанның бөлкесі 70 теңгеден таратылады. Атап айтқанда, әлеуметтік және коммерциялық дүкендерге «Insaf LTD» ЖШС күніне 5 871 дана бөлке, «Ғажайып П» ЖШС күніне 9 785 дана бөлке, «Halyq City» ЖК күніне 3 914 дана бөлкені әлеуметтік және коммерциялық дүкендерге жеткізіп отыр.


Бүгінгі таңда Түркістан қаласы аумағында «Түркістан» ӘКК» АҚ-на қарасты 30 әлеуметтік дүкенде, сондай-ақ ірі сауда үйлеріне және әлеуметтік бұрыштарда әлеуметтік нанның 1 данасы 70 теңгеден сатылуда. Сонымен қатар әр аптаның сейсенбі және сәрсенбі күндері «Қуаныш» базарындағы нан павильонында әлеуметтік нан 75 теңгеден ұсынылуда.


Нан өндірушілермен жан-жақты келіссөздер жүргізіліп, бағаны тұрақтандыру жөнінде меморандум жасалды. Бұл меморандум бойынша тараптар арасында нан бағасының тұрақты деңгейде сақталуын қамтамасыз ету, сондай-ақ тұтынушылар үшін қолжетімді бағаны қамтамасыз ету үшін бірқатар шарттар мен міндеттемелер бекітілген.


Облыс әкімдігі тиісті мемлекеттік органдармен бірлесіп, азық-түлік бағасын тұрақтандыру шараларын одан әрі жетілдіру жұмыстарын, бағаны негізсіз өсіруге жол бермеу бағытында бақылауды күшейтеді. Бұл бағыттағы жұмыстар тікелей Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеровтің бақылауында.

Бөлісу