ТҮРКІСТАН: «Nur Otan»-да екі аудандағы АӘК-тің таратылуындағы заң бұзушылықтар қаралды

0
1 269

Халық мемлекет тағайындаған заңды ақшасын алу үшін де делдалдарға жем болуда.


ТҮРКІСТАН: «Nur Otan»-да екі аудандағы АӘК-тің таратылуындағы заң бұзушылықтар қаралды

«Nur Otan» партиясы Түркістан облыстық филиалы Төрағасының Бірінші орынбасары Бейсен Тәжібаев «Nur Otan» партиясы Жетісай аудандық филиалының Қоғамдық қабылдау бөлмесінде азаматтардың талап–тілектері мен арыз-өтініштеріне байланысты ауданның жауапты азаматтарымен мәжіліс өткізді, деп хабарлайды ERNUR.KZ.

Жиынға Жетісай ауданының әкімі Ж.Бейсенбаев, филиал Төрағасының бірінші орынбасары, аудандық мәслихат хатшысы мен депутаттар, белсенді азаматтар қатысты.
Мәжіліс барысында ауданның әлеуметтік-экономикалық бағытында атқарылып жатқан жұмыстар талқыланып, қазіргі таңда өзекті болып отырған атаулы әлеуметтік көмек мәселесі сөз болды.
Жетісай аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің басшысы Ә. Әбжановтың мәліметінше, бұл бағытқа жалпы 2, 5 млрд. теңгеге жуық қаржы қаралған. Аудандағы 7011 отбасыға атаулы әлеуметтік көмек тағайындалып, таратылған. Әкімдік қызметкерлерінің мәліметіне сәйкес тағы да атаулы әлеуметтік көмек алу үшін Жетісайда 1000 отбасы, Мақтааралда 500 отбасы құжат өткізіп, күтіп отыр. Бұл көрсеткіш былтырғымен салыстырғанда екі есеге өскен. Десе де, атаулы әлеуметтік көмек бойынша ауданда арыз-шағым көбейген. Тұрғындар атаулы әлеуметтік көмекке құжат өткізерде делдалдар өз қызметін ұсынып, белгілі бір сома сұрағанын айтып шағымданды. Ал, министрліктің мәліметінше, Жетісай ауданында қазір 700 отбасы құжатына зерделеу жұмыстары жүргізіліп, нәтижесінде 141 адамның жалған құжат өткізгені белгілі болды. Қазіргі таңда зерделеу жұмыстары жалғасуда. Мұндай деректер еселеп өседі деп күтілуде. Сондай-ақ, соңғы 7 айда ауданда 270 отбасы ажырасқан. Бұл да атаулы әлеуметтік көмекке қол жеткізу үшін жасалған әрекеттер болуы мүмкін.
Осы орайда, «Nur Otan» партиясы Түркістан облыстық филиалы Төрағасының Бірінші орынбасары атаулы әлеуметтік көмек айналасындағы заңсыздықтарға тоқталып өтті.
«Халық мемлекет тағайындаған заңды ақшасын алу үшін де делдалдарға жем болуда. Әлеуметтік көмек нағыз мұқтаж жандарға жетуі тиіс. Бұл келеңсіздікті тоқтату қажет. Ажырасу көрсеткішінің ауылды жерлерде күрт өсу де қазақ халқы үшін үлкен қасірет. Біз отбасы институтын жетілдіруіміз керек. Отбасыда береке орнамаса, елде береке болмайды. Партия атаулы әлеуметтік көмектің айналасында қалыптасқан олқылықтарды жою жолдарын қарастырып, тиімді шешімге жұмыс істейтін болады» - деді Б.Тәжібаев.

Жетісай ауданынан кейін Мақтаарал ауданына ат басын тіреген Бейсен Тәжібаев партиялас әріптестермен бұл аудандағы да АӘК-тің айналасында қордаланып қалған күрмеуі қиын мәселелерді талқылады. Мәжілісте баяндама жасаған Мақтаарал ауданы жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің басшысы М. Мұса ауданда жалпы 6453 отбасы 1,5 млрд. теңгеден астам әлеуметтік көмек алып отырғанын мәлімдеді. Соңғы күндері осының ішіндегі 600-ден астам отбасына зерделеу жұмыстарына жүргізілген. Әзірге белгілі болғандай 101 отбасы артық алса, 5 отбасы атаулы әлеуметтік көмекті заңсыз иемденген. 175 отбасының құжаты заң талаптарына сәйкес келмегендіктен кері қайтарылған. Сондай-ақ, «Е-халық» ақпарат жүйесіне енбеген отбасылар, заңды ажырасса да бірге тұрып жатқан, табысын жасырған 2406 отбасының төлемі қайта есептелгенін жеткізді.
Партия филиалы әлеуметтік көмектің төңірегінде орын алған заңсыздықтар бойынша талдау жасап, жауапты мемлекеттік органдармен шешу жолдарын қарастыратын болады. Сондай-ақ xалықтың ортасында қажетті түсіндіру және құқықтық көмек көрсету жұмыстарын күшейту тапсырылды.
Мәжілістен соң «Nur Otan» партиясы Түркістан облыстық филиалы Төрағасының Бірінші орынбасары Б. Тәжібаев ауданның тыныс-тіршілігімен танысу мақсатында Келес, Сарыағаш аудандарындағы партия филиалдарының жұмысымен жіті танысты.
Дереккөз: «Nur Otan» партиясы Түркістан облыстық филиалының баспасөз қызметі