Түркістан облысы әкімінің бірінші орынбасары жеке қабылдау өткізді

0
95

Ауыл-аймақтарда жол сапасын арттыру, газбен қамту, аяқжол салу сияқты инфрақұрылымды дамыту бағытында өтініштер мен ұсыныстар айтылды.


Түркістан облысы әкімінің бірінші орынбасары жеке қабылдау өткізді

Түркістан облысы әкімінің бірінші орынбасары Зұлпыхар Жолдасов азаматтарды жеке қабылдап, өтініштері мен ұсыныстарын тыңдады, деп хабарлайды ERNUR.KZ.


Түркістан қаласындағы Азаматтарды қабылдау орталығында облысы әкімінің бірінші орынбасары Зұлпыхар Жолдасов азаматтарды жеке қабылдап, өтініштері мен ұсыныстарын тыңдады. Қабылдауға Түркістан және Арыс қалалары мен Сауран, Келес аудандарының тұрғындары келді.


Азаматтардың басым бөлігі тұрғын үй алу бойынша өтініштерін жеткізді. Тұрғын үй сапасына, коммуналдық қызмет саласына қатысты мәселелерді ортаға салды. Одан бөлек, ауыл-аймақтарда жол сапасын арттыру, газбен қамту, аяқжол салу сияқты инфрақұрылымды дамыту бағытында өтініштер мен ұсыныстар айтылды.


Жеке қабылдауға келген азаматтардың ұсыныстары мен көтерген мәселелері мұқият тыңдалып, қолданыстағы заңнама аясында тиісті жауаптар берілді. Бірқатар мәселелер бойынша салалық басқарма басшыларына нақты тапсырмалар жүктеліп, олардың орындалуы бақылауға алынды.


Зұлпыхар Жолдасов азаматтардың өтініштері мен ұсыныстары өңірдің дамуына тікелей әсер ететінін атап өтіп, халықпен кері байланыстың маңыздылығына тоқталды. Сондай-ақ, тұрғындардың мәселелерін уақытылы әрі сапалы шешу жергілікті атқарушы органдардың басты міндеттерінің бірі екенін жеткізді.


Жеке қабылдауда көтерілген мәселелерді шешу бағытында тиісті жұмыстар жүргізілетін болады.


Айта кетейік, жеке қабылдауға жазу жұмыстарын Түркістан облысы әкімі аппаратының өтініштерді қарауды бақылау бөлімі жүргізеді. Қабылдауға egov.kz порталы, е-otinish бірыңғай базасы арқылы және «Ашық әкімдік» кеңсесіне келіп, жазбаша өтініш тастау арқылы жазылуға болады.

Бөлісу