Түркістан облысы Сібір жарасы бойынша қауіпті аймақтар қатарында

0
2 279

Мамандар сібір жарасынан сақ болуға шақырады.


Түркістан облысы Сібір жарасы бойынша қауіпті аймақтар қатарында

Өткен жылы Түркістан облысында Сібір жарасына шалдығудың 7 дерегі тіркелген, деп хабарлайды ERNUR.KZ.


Түркістан облысы Республика бойынша Сібір жарасы ауруынан қауіптілігі жоғары аймақтар қатарында. Өткен жылы облыста Сібір жарасына шалдығудың 7 дерегі тіркелген. Ал, биыл аса қауіпті аурудың әзірге 1 дерегі тіркелді. Қазір лабораториялық зерттеу жұмыстары жүргізілуде. Бұл туралы Түркістан облыстық санитарлық-эпидемеологиялық басқармасы хабарлама жасады.


Түркістан облысында ауылшаруашылығы дамығандықтан, мал шаруашылығымен шұғылданатын жеке қожалықтар мен серіктестіктердің саны да көп. Өңірде сібір жарасының 225 стационарлық қолайсыз бекеттері мен 392 ошақ мал қорымдары бар. Ауру көп жағдайда мал ұстаушы азаматтардың төрт түлікке вакцина салдырмауынан, ауру малдың етін мамандардың тексеруінсіз тарату және сатып жіберу жағдайынан туындайды.


Сібір жарасының негізгі белгілері: дене қызуының көтеріліуі; тері жарасы; ісіну; қанды іш өту; құсу; жүрек әлсіздігі. Аурудың қоздырғышы өте төзімді, тіпті топырақта жүздеген жылдар бойы сақталады. Инфекция адамнан адамға жұқпайды. Ауру науқас жануарлардың бойында болғандықтан малды сою кезінде немесе терісін өңдеу кезінде жұғады.


Түркістан облысы санитарлық-эпидемеологиялық басқармасының мамандары тұрғындарды етті ветеринарлық рұқсаты бар нүктелерден ғана сатып алуға кеңес береді. Оған қоса, пышаққа ілінген мал етін тұтынбағаныңыз абзал. Мал шаруашылығымен айналысушылар міндетті түрде төрт түлікке вакцина салдырулары қажет.