Түркістан облысына 200-ден астам білікті мұғалім қажет

0
1 046

Өңірге үздік мұғалімдер тартылады.


Түркістан облысына 200-ден астам білікті мұғалім қажет

Түркістанда мұғалімдер тапшылығына байланысты кездесу өтті, деп хабарлайды ERNUR.KZ.


Бүгін Түркістан қаласында мұғалімдер тапшылығы байқалған өңірлерге үздік педагогтерді тартудың тиісті қолдау шараларының пакеті бар арнаулы бағдарламасына байланысты кездесу өтті. Кездесуді Түркістан тоблысының адами әлеуетті дамыту басқарма басшысының орынбасары Садықова Ардақ Мәдіханқызы ашып, жүргізіп отырды.


Аталған жиынға Білім және ғылым министрлігі, мектепке дейінгі және орта білім комитетінің педагогикалық кадрлармен жұмыс департаментінің басшысы А.Дюсембаева, Ғ.Мухметова, Алматы облыстық білім беруді дамыту оқу әдістемелік орталығы директорының орынбасары Н.Төленжанова, «Маңғыстау облысының білім басқармасы» ММ «Педагогтармен жұмыс және кадрлық саясатты іске асыру» бөлімінің әдіскері З.Турсыналиева, Атырау облысы білім беру басқармасының Жылой аудандық білім бөлімінің сектор мүшесі, Түркістан облысының білім беруді дамыту орталығының директоры Б.Төлімбет және аталған орталық әдіскерлері М.Ускенбеков, сонымен қатар, аудандық, қалалық жалпы орта білім беру ұйымдарының директорлары мен педагогтары қатысты.


Түркістан облысының адами әлеуетті дамыту басқармасының білім беруді дамыту орталығы ұйымдастырған бұл басқосудың басты мақсаты - өңірлік білім беру жүйелеріне білікті педагогтерді тарту, тұрақтандырудың орнықты моделін құру және білім беру сапасын жақсарту.


Білім сапасын зерделеуде халықаралық зерттеу нәтижелері көрсеткендей, бағдарлама еліміздің Алматы, Атырау, Маңғыстау және Түркістан облыстарындағы білім саласындағы төмендегідей бірқатар факторлары негізінде үздік педагогтерді тарту қажеттігінен туындаған. Осыған орай, Білім және ғылым министрлігінің жанынан құрылған спикерлер аталған өңірлерге бағдарламаны жүзеге асырудың механизмдері туралы егжей-тегжейлі түсіндірме жұмыстарын қолға алған.


Бүгінде сапалы білім беру қызметтерін көрсетуге айтарлықтай кедергі келтіретін проблемалардың бірі – ауылдық жерлердегі білікті педагогтердің тапшылығы. Айта кетейік, Түркістан облысында халық өсімі, бала туылуының коэффиценті жағынан жоғары. Мәселен, қазіргі таңда Түркістан облысының ауылды жердегі білім беру ұйымдарына 240 педагогтерге қажеттілік байқалуда. Атап айтсақ, өңірде 54 орыс тілі және әдебиеті пәнінің мұғалімі, 30 математика, 22 ағылшын тілі, 12 физика, 12 химия, 13 тарих және 13 бастауыш сынып мұғалімі тапшы. Олардың 34-і Жетісай, 33-і Бәйдібек, 24-і Қазығұрт, 24-і Төлеби және 20-сы Мақтаарал ауданына қажет.