Түркістан облысына тартылған инвестиция 751 млрд. теңгеден асты

0
746

Аталған сала бойынша алдыңғы қатардан көрінді.


Түркістан облысына тартылған инвестиция 751 млрд. теңгеден асты

Түркістан облысы инвестиция тарту бойынша көшбасшылар қатарында тұр, деп хабарлайды ERNUR.KZ.


Түркістан өңірінде инвестиция тарту, индустрияландыру жұмыстарына басымдық беріліп отыр. Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметінің алаңында облыстың әлеуметтік-экономикалық дамуы туралы есеп беру барысында Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды мәлім етті.


«Биылғы 10 ай қорытындысымен облыстың әлеуметтік-экономикалық дамуының оң өсімі сақталды. Жалпы өңірлік өнім көлемі 3 трлн. теңгеден асты. Ал өнеркәсіп өнім көлемі есепті кезеңде 2%-ға артып, жалпы 758 млрд. теңгені құрады. Аймақта зауыттар салу, инвестиция тарту жұмыстарына басымдық берілген. Шетелдік ірі компаниялармен келіссөздер тұрақты өтіп жатыр. Таяу жылдары өңірде ірі кәсіпорындар жұмысын бастайды. Сол бағытта бар күш-жігерімізді саламыз», – деді Дархан Сатыбалды.


«Қазатомөнеркәсіп» ҰАК» АҚ уран өндіруші компаниялардың сұранысына сәйкес, Созақ ауданында күкірт қышқылын өндіретін зауыт салу жоспарлауда. Жобаның инвестициялық құны 100 млрд. теңгені құрайды. 250 жаңа жұмыс орнын ашылады. Бүгінгі таңда, зауыт құрылысына қажетті жер учаскесі бөлінді. Компания тарапынан техникалық-экономикалық негіздемесі әзірленуде.


Өңірдің өнеркәсіптік әлеуетін дамытуға мүмкіндік беретін бірнеше маңызды жобаларды іске асыру жоспарланып отыр. Өңдеу өнеркәсібінде жалпы құны 30,2 млрд. теңгені құрайтын 20 жоба іске асырылып, 594 жұмыс орны ашылады деп күтілуде. Бүгінде 384 жаңа жұмыс орнымен жалпы құны 11 млрд. теңгені құрайтын 10 жоба іске қосылды. Бұл бағытта жұмыстар жалғасады. Өңірде ірі жобаларды іске асыру есебінен өзіндік кірістерді алдағы 5 жылда қосымша 100 млрд. теңгеге көбейту көзделуде. Сондай-ақ өңдеу өнеркәсібінде 20 жобаны жүзеге асыру жоспарланса, бүгінгі таңда 10 жоба іске қосылды (11 млрд. теңге, 384 жұмыс орны).


Облыс экономикасына тартылған инвестиция көлемі 1,4 есеге артып, 751 млрд. теңгеден асты. Тікелей шетелдік инвестициялар көлемі 225,3 млн. АҚШ долларын құрады. Жалпы құны 3,3 трлн. теңгені құрайтын 194 инвестициялық жобалардың пулы қалыптасты. Олар 2023-2026 жылдар аралығында іске қосылып, 16 467 жұмыс орны ашылады деп межеленген. Биыл 51 инвестициялық жобаны іске асыру жоспарланып, жыл басынан 39 жоба іске қосылды. 1230 жұмыс орны ашылды.