Өңір жолдарының жалпы ұзындығы 17 692 шақырымды құрайды.
Түркістан облысында 929,3 шақырым жол жөнделіп, пайдалануға беріледі деп көзделуде, деп хабарлайды ERNUR.KZ.
Түркістан облысы бойынша автомобиль жолдарының жалпы ұзындығы 17 692 шақырымды құрайды. Оның ішінде республикалық маңызы бар жолдар 678 шақырым болса, облыстық, аудандық маңызы бар жолдар – 3983 шақырым. Елді мекен көшелері 11305 шақырымды құрайды. 2025 жылы облыс аумағындағы автомобиль жолдары саласын дамытуға бюджеттен қаржы бөлініп, құрылыс-жөндеу жұмыстарымен жалпы 283 нысан немесе 1181,2 шақырым жол мен көшелер қамтылуда. Жыл қорытындысымен 222 нысан немесе 929,3 шақырым жол пайдалануға беріледі деп көзделуде.
Аталған саладағы мәселелер Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеровтің төрағалығымен өткен аппараттың апталық мәжілісінде талқыланды. Өңір басшысы жауаптыларға жұмысты ширатуды тапсырды.
– Жолдың сапасына мән беріледі. Бұл бойынша тиісті мекемелер тарапынан кемшіліктер анықталса, жауапты басшылар, аудан, қала әкімдері тәртіптік жауапкершілікке тартылатынын ескертемін. Жұмысты жандандырыңыздар және әр жоба қатаң бақылауға алынсын, – деді Нұралхан Көшеров.
Мәжілісте Түркістан облысы жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы Қуатжан Жұматаев пен «ҚазАвтоЖол» ҰҚ» АҚ-ның Түркістан облыстық филиалы басшысының міндетін атқарушы Мұрат Мықтыбаевтың есептері тыңдалды.
Биыл облыстық маңызы бар жолдарға 19,6 млрд. теңге бөлініп, 24 нысан немесе 225,5 шақырым жол құрылыс-жөндеу жұмыстарымен қамтылуда. Жыл қорытындысымен 17 нысан (7 көпір) немесе 111,8 шақырым жол пайдалануға беріледі. Аудандық маңызы бар жолдарға 3,1 млрд. теңге бөлініп, 24 нысан немесе 130,7 шақырым жол күрделі және орташа жөндеу жұмыстарымен қамтылуда. Биыл 12 нысан немесе 49,3 шақырымы пайдалануға беріледі. Елді мекен көшелеріне келсек, 235 нысан немесе 831,2 шақырым жол жөнделіп жатыр. Жыл соңына дейін 193 нысан немесе 774,4 шақырым жол пайдалануға беріледі деп жоспарланған. «Ауыл – Ел бесігі» жобасы бойынша 140 елді мекенде 90 нысан (347 көше) немесе 391,8 шақырым көше жөндеу жұмысымен қамтылуда. Жыл соңына дейін 87 нысанды пайдалануға беру көзделген. 2025 жылдың қорытындысымен жергілікті маңызы бар жолдардың жақсы және қанағатты жағдайдағы үлесін 93,7%-дан 95%-ға жеткізу жоспарланған.
Мәжілісте осы саладағы жұмысқа кері әсерін тигізіп жатқан факторлар зерделеніп, жауаптыларға мемлекеттік сатып алу жұмысын жеделдету, битум шығаратын зауыттардың жұмыс қарқынын түсірмеу, мердігерлердің жұмысын бақылап, жол сапасын жақсарту, айналма жолдардың құрылысын үйлестіру жөнінде тиісті міндеттер жүктелді.