Түркістан облысында «ақылды жарықшамдар» іске қосылуда

0
1 987

Жарықшамдарда ұялы телефонды қуаттау, wi-fi тарату, көшедегі көлік қозғалысын бейне бақылауға түсіру және т.б. сынды қызметтері бар.


Түркістан облысында «ақылды жарықшамдар» іске қосылуда

ERNUR.KZ. Түркістан облысындағы шалғай елді мекендерде «ақылды жарықшамдар» іске қосыла бастады, деп хабарлайды ERNUR.KZ Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Атап айтсақ, Түркістан облысындағы Бәйдібек ауданында көшелері жарықтандырылған елді мекендер саны артып келеді. Қазіргі таңда Борлысай ауылдық округіне қарасты Ақтас, Қошқарата және Кеңсай елді мекендерінің көше шамдары тұрғындарға қолайлы жағдай тудырып отыр.

Үш ауылды қамтыған бұл көше жарығының жалпы құны – 245 млн теңгені құраса, ұзындығы 1434 шақырым көшеге арақашықтығы 30-35 метрден 438 бағана орнатылған. Жеке қаржы көзінен жұмсалған шығын көлемі - 208,3 млн. теңгені құраған. Патенттік атауы «Ақылды жарықшам» аталатын бұл жүйе ұялы байланыс тетігі арқылы басқарылады.

Сонымен қатар, көше шамдары 14 функцияны қатар атқара алады. Мәселен, ұялы телефонды қуаттау, wi-fi тарату, көшедегі көлік қозғалысын бейне бақылауға түсіру және т.б. сынды қызметтері бар. Сондай-ақ, тағы бір ерекшелік – бұл көше шамдары қараңғылық пен жарықты автоматты түрде сезініп, күн райына қарай қуат беру мөлшерін өздігінен реттеп отырады. Нәтижесінде 75% энергия қуаты үнемделетін болады.

Сондай-ақ, аталған шараға қатысқан облыс әкімінің орынбасары Ұласбек Сәдібеков құттықтау сөз сөйлеп, басқа қалада жүрсе де туған жерін ұмытпай, Борлысай ауылдық округінің әлеуетін көтеруге өз үлесін қосып жүрген О.Ботбайға облыс әкімінің Алғыс хатын табыс етіп, иығына шапан жапты.

Бұған дейін де жерлестерін түрлі игі істерімен қуантып жүрген меценат алдағы уақытта да туған жері – Бәйдібекті көркейтіп, дамытуда аянбайтынын жеткізді.

Айта кетейік, Кәсіпкердің демеушілігі мұнымен тоқтамақ емес. Дәл қазіргі уақытта О.Ботбайдың жетекшілігімен Бәйдібек ауданының орталығы Шаян ауылындағы М.Әуезов көшесінде ұзындығы 3 шақырымнан астам жолдың бойына 77 бағана орнатылып, жарық шамдарының құрылысы жүріп жатыр.