Түркістан облысында әскерге шақыру науқанына дайындық жүргізіліп жатыр

0
869

Облыс бойынша зерделеуге жататын 13 000-ға жуық жас азаматтар бар.


Түркістан облысында әскерге шақыру науқанына дайындық жүргізіліп жатыр

Түркістан облысында әскерге шақыру науқанына дайындық жүргізілуде, деп хабарлайды ERNUR.KZ.


Отанды қорғау – әрбір азаматтың асыл парызы! Түркістан облысының жергілікті әскери басқару органдарында 2023 жылғы көктемгі әскери қызметке үміткерлерді алдын ала зерделеу жұмыстары басталды. Бұл процесс бастапқы кезеңде әскерлердің қандай да бір түрлері мен тектерінде әскери қызмет өткеруге дайын әскерге шақырылушылардың сапалық сипаттамаларын анықтауға мүмкіндік береді. Азамат 16 жасқа толғанда оны шақыру учаскелеріне тіркеу басталады.


Шақыруды әкімнің орынбасары бастаған шақыру комиссиясы жүзеге асырады және комиссияның құрамы бекітіледі. Комиссияға денсаулық сақтау, ІІМ, білім беру, қоғамдық ұйымдар, Ұлттық қауіпсіздік комитетінің өкілдері кіреді. Еске салайық, әскерге шақыру контингентін зерттеу екі кезеңде өтеді. Біріншісі жеке істерді зерделеуді, әскерге шақырылушылар және олардың ата-аналарымен немесе оларды тәрбиелеп жатқан адамдармен жеке әңгімелесу жүргізуді қамтиды.


Сондай-ақ әскерге шақырылушылар жұмыс орындарынан немесе оқу орындарынан мінездеме жинау жүзеге асырылады. Екінші практикалық кезеңде әскерге шақырылушылар аудандық және қалалық медициналық комиссиядан өтеді, кейіннен ҚР Қарулы күштері, ҰҚК Шекара қызметі, Мемлекеттік күзет қызметі және Ұлттық ұлан бөлімдеріне бөлінеді. Психиатриялық, наркологиялық, тері-венерологиялық және туберкулезге қарсы диспансерлерде есепке алудың болуы не болмауы туралы анықтамалар бірінші кезекте зерделенетін болады.


Биыл Түркістан облысы бойынша зерделеуге жататын 13 000-ға жуық жас азаматтар бар. Естеріңізге сала кетейік, елімізде мерзімді әскери қызметке қабылдау жылына екі рет: көктемде және күзде жүргізіледі. Әскерге шақыруды кейінге қалдыруға немесе шақырудан босатылуға құқығы жоқ 18 жастан 27 жасқа дейінгі азаматтар әскерге шақыруға жатады.