9 айдың қортындысымен 42 млрд. теңге шаруаларға бөлініп, аграрлық саланы мемлекеттік қолдау ауыл шаруашылығы өндірісінің тұрақты дамуын қамтамасыз етіп отыр.
Түркістан облысында мемлекеттік қолдаулар арқылы ауыл шаруашылығында өнім мен табыс молайды, деп хабарлайды ERNUR.KZ.
Биыл Түркістан облысында ауыл шаруашылығы субъектілерін қолдауға 48,5 млрд. теңге қаржы бөлінді. Оның ішінде облыстық бюджеттен 43,3 млрд. теңге, үкіметтік резервтен 5,2 млрд. теңге қаржы бөлінді. 9 айдың қортындысымен 42 млрд. теңге шаруаларға бөлініп, аграрлық саланы мемлекеттік қолдау ауыл шаруашылығы өндірісінің тұрақты дамуын қамтамасыз етіп отыр. Осы бағыттағы жұмыстар облыс әкімі аппаратының апталық мәжілісінде талқыланды.
Облыс әкімі Нұралхан Көшеров шаруаларды қолдау бағытындағы жұмыстар жалғасатынын, бұл субсидиялар мен жеңілдіктер өңірдің өзіндік кірістерін арттыруға және азық-түлік қауіпсіздігіне үлес қосуы тиіс екенін жеткізді. Жауапты басқарма басшысы мен аудан, қала әкімдеріне тиісті тапсырмалар жүктелді.
Облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Файзулла Байдуллаевтың айтуынша, «Басым дақылдардың өндірісін субсидиялау» бағдарламасы арқылы 4,4 млрд. теңге қаржы қаралды. Бағдарлама арқылы жылыжай шаруашылықтарын қолдау нәтижесінде жылыжай өнімдерінің бағасы тұрақтанып, егіс көлемі мен алынған өнім көлемі артуда. 2023-2025 жылдары жылыжай өнімдерінің бағасы маусымаралық кезеңде (наурыз-сәуір айлары) төмендеген. Сондай ақ 2023 жылы 78 мың тонна өнім алынса, бүгінде жылыжайлардан 101,5 мың тонна өнім жиналып отыр немесе 1,3 есе артты.
Мемлекет басшысының ауыл шаруашылығы жалпы өнімінің көлемін 2 есеге ұлғайту жөніндегі тапсырмасын орындау жөніндегі ҚР АШМ әзірлеген 2024 - 2028 жылдарға арналған жол картасына сәйкес, облысқа 2025 жылы 189,8 мың тонна минералды тыңайтқыш ендіру тапсырылды. Ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерді минералды тыңайтқыштармен қамтамасыз ету үшін бюджеттен 12,2 млрд. теңге бөлінді. Бүгінгі күнге жоспар толық орындалып, егіс алқаптарына 206 мың тонна минералды тыңайтқыштар енгізіліп, өткен жылмен салыстырғанда 1,4 есе артқан.
Республика бойынша ірі қара малдың 13 % (1 143,6 мың бас), ұсақ малдың 22 % (4 947,6 мың бас), жылқының 11 % (495,8 мың бас) және түйенің 14 % (43,2 мың бас) Түркістан облысының үлесінде. 8 айда 123 мың тонна ет, 367 мың тонна сүт, 177 млн. дана жұмыртқа өндірілді. Мал шаруашылығында 25 бағытта қолдау көрсетіледі. 2024 жылдан бастап, бағдарлама арқылы асыл тұқымды аналық мал бастарын сатып алуға басымдық берілуде Нәтижесінде жылдан-жылға асыл тұқымды мал саны артуда. 2023 жылмен салыстырғанда асыл тұқымды ІҚМ саны 117 %, ұсақ мал 3,9 есе, жылқы 101,2 пайызға артты. Қайта өңдеуші кәсіпорындардың шығындарын субсидиялау бағдарламасы бойынша 2023 жылы 1,3 млрд. теңге, 2024 жылы 1,85 млрд. теңге, 2025 жылы 1 млрд. теңге бөлінді. Бағдарлама облыстың тамақ өнімдерінің көлемін арттыруға оңды әсерін тигізуде.