Мұндай ғимараттарды туристік кешендер мен глэмпингтер, модульдік кеңселер мен мобильді үйлер, көрме павильондары, дала зертханалары, қонақүйлерге пайдалануға болады.
Түркістан облысындағы шағын өндірістік паркте капсулалы үйлер мен сэндвич-панель шығарылып жатыр, деп хабарлайды ERNUR.KZ.
2025 жылы Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров бастаған өңір делегациясы ҚХР-ға сапар жасап,«Shandong Kamoya» зауытының жұмысымен, өндірістік қуатымен және инновациялық шешімдерімен танысып, осы жобаны жүзеге асыру мәселесін нақтылаған болатын. Сол келісім нақты іске ұласып, қазіргі уақытта Түркістан облысында «KHAN TAU» брендімен капсулалы үйлер шығарылуда.
Мұндай ғимараттарды туристік кешендер мен глэмпингтер, модульдік кеңселер мен мобильді үйлер, көрме павильондары, дала зертханалары, қонақүйлерге пайдалануға болады.
Өңір басшысы Нұралхан Көшеров облыс орталығы маңындағы шағын өндірістік паркке барып, аталған өндірістің жай-күйімен танысты.
Көпшілікке мәлім, облыс әкімдігінің тікелей қолдауымен салынған шағын өндірістік паркте инвесторлар үшін жаңа ғимараттар бой көтерген. Солардың бірінде «BNK Group» компаниясы Қытайдың «SHANDONG CAMOVA WISDOM CULTURE TRAVEL» компаниясымен бірлесіп, капсулалы экоқонақүйлерді және өзге де инновациялық модульдік нысандарды қамтитын заманауи смарт-құрылыстар өндірісін іске қосқан.
Жоба заманауи жобалау және өндіріс технологияларын қолдану арқылы жүзеге асырылуда. Бұл бастама туристік, қалалық және инфрақұрылымдық салаларға арналған энергия үнемдейтін, мобильді әрі көпфункционалды шешімдер мен дайын бөлмелерді шығаруға мүмкіндік береді.
Кәсіпорынның өндірістік қуаты жылына 200 данаға дейін дайын өнім шығаруға жетеді.
Аталған смарт-құрылыстарды ішкі туризмді дамыту, туристік кластерлер қалыптастыру, қалалық ортаны абаттандыру, сондай-ақ әлеуметтік және инфрақұрылымдық жобаларды іске асыру мақсатында пайдалануға болады.
Жоба өңірде жоғары технологиялық өндірісті дамытуға, инвестициялар тартуға және заманауи құрылыс шешімдерін енгізуге бағытталған.
Сонымен бірге «BNK Group» компаниясы өз өндірістік базасында заманауи сэндвич-панельдер шығаруды жолға қойды. Жоба аясында тәулігіне 1 000 шаршы метрге дейін дайын өнім өндіруге мүмкіндік беретін жоғары технологиялық өндірістік желі іске қосылды. Бұл құрылыс және инфрақұрылымдық жобаларды сапалы құрылыс материалдарымен жедел қамтамасыз етуге жағдай жасайды.
Өндірілетін сэндвич-панельдер заманауи талаптарға толық сай келеді. Атап айтқанда, зауытта өндірілген өнім жылу оқшаулау, энергия тиімділігі, беріктік және ұзақ мерзімділік, өрт қауіпсіздігі көрсеткіштері бойынша жоғары сапасымен ерекшеленеді.
Өндірістің іске қосылуы өңір үшін маңызды әлеуметтік-экономикалық мәнге ие. Нәтижесінде 30-ға дейін тұрақты жұмыс орны құрылды. Аталған жоба жергілікті өндірісті дамытуға, импортты алмастыруға, сондай-ақ өнеркәсіптік, азаматтық және аграрлық құрылыс салаларындағы жобаларды қолжетімді әрі сапалы құрылыс материалдарымен қамтамасыз етуге бағытталған.
Аталған зауыттар мен өндірістік парктегі ғимараттар құрылысын қадағалаған облыс әкімі осы нысандарға жаңа өндіріс орындарын жедел орналастыру, жобаларды жүзеге асыру бағытындағы жұмыстарды жандандыруды тапсырды.
Айта кетейік, Түркістан маңында отандық өндірісті дамыту және қайта өңдеуді қолдау мақсатында 100 гектар аумақта «Шағын өнеркәсіптік парк» жобасы іске асырылуда. Жоба аясында 152 ғимарат салып, 6 040 жұмыс орнын құру жоспарланған. Жобаның І кезеңінде 40 ғимарат салынып, 32 жоба қосылды. 1 220 жұмыс орны ашылды. Нәтижесінде бюджеттің 1 теңгесіне 8,5 теңге жеке инвестиция тартылған.
Жалпы, облыс бойынша жалпы 21 шағын өндірістік алаң құрылып, ғимараттар салу бойынша тиісті жұмыстар жүріп жатыр. Негізгі бағыттар ретінде құрылыс материалдары, жиһаз, пластик және резеңке, химия өнімдері өндірістері мен жеңіл өнеркәсіп айқындалды. Өндірістік парк аумағында жиһаз, жаңбырлатып суғару, сусын, мұздатқыш және құрылыс заттарын, өзге де өнімдер шығаратын зауыттар жұмысын бастап кеткен.


