Қазіргі таңда жоспарға сәйкес, қайта құру жұмыстарының 1-ші кезеңі жүруде.
Түркістан облысы бойынша мемлекеттік кірістер департаменті шекаралық кеден бекеттердің аумағын кеңейту, толық қайта техникалық жарақтандыру және өткізу қабілеттілігін ұлғайту жұмыстарын жүргізуде, деп хабарлайды ERNUR.KZ.
Бұл туралы Түркістан облыстық Мемлекеттік кірістер департаментінің баспасөз хатшысы Баян Тұлғабаева мәлімдеді.
Қазіргі таңда жоспарға сәйкес, қайта құру жұмыстарының 1-ші кезеңі жүруде. Осыған орай, Департамент тарапынан шекаралық кеден бекетіне баратын жолдарда жүк автокөліктердің шоғырлануын болдырмау мақсатында, аталған кеден бекеттен өтетін жүк тасымалдаушыларға облыстың басқа шекаралық кеден бекеттерінен өту туралы түсіндірме жұмыстары жүргізіліп жатыр. Бұдан бөлек, шекаралық кеден бекеттерге баратын аймақтың маңызы бар жолдарда «Бауыржан Қонысбаев» кеден бекетінде құрылыс жүріп жатқаны туралы ақпараттық билбордтар орнатылған.
Сонымен қатар, жүргізушілер үшін Департаменттің ресми сайты мен әлеуметтік желілерндегі парақшаларында «Бауыржан Қонысбаев» кеден бекетінде құрылыс жұмыстарының жүруі себебінен Түркістан облысында орналасқан «Атамекен», «Қапланбек», «Қазығұрт» кеден бекеттерінен өтуге болатындығы туралы ақпарат жарияланған. Сондай-ақ, департаменттің ресми сайтында және әлеуметтік желілерінде өткізу пунктерінде кезекте тұрған жүк автөкөліктерінің саны туралы ақпарат күнделікті екі рет (таңертенгі және кешкі) хабарланады.
Көшпелі брифинг аясында Сарыағаш ауданында орналасқан «Жібек жолы» кеден бекетіндегі ағымдағы жөндеу жұмыстары таныстырылды. Биыл қазан айының басында басталған әрлеу жұмыстары ай соңында аяқталмақ. Кеден бекетіндегі ғимараттарда жүргізіліп жатқан құрылыс жұмыстары азаматтарға қолайлы жағдай жасауға бағытталған.