Жоспар 275,2 млрд теңге болса, нақты түсім 301 млрд теңгені құрады.
Түркістан облысында өзіндік кірістер мен түсім көлемі артты, деп хабарлайды ERNUR.KZ.
Түркістан облысында 2025 жылдың қорытындысымен өзіндік кірістердің жоспары 109%-ға немесе 25,6 млрд теңгеге артығымен орындалды. Жоспар 275,2 млрд теңге болса, нақты түсім 301 млрд теңгені құрады. Оның ішінде салықтық түсімдер бойынша жоспар 107% немесе 16,8 млрд теңгеге артық орындалып отыр. Жоспар 230,3 млрд теңге болса, нақты түсім – 247,1 млрд теңге. Бюджеттің атқарылуы мен осы саладағы өзекті мәселелер мен жоспарлар Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеровтің төрағалығымен өткен жиналыста талқыланды. Өңір басшысы облыстың негізгі бағыттары – инвестиция тарту, өндіріс орындарын ашу, жаңа жұмыс орындарын көбейту арқылы өзіндік кірісті арттыру екенін жеткізді.
– 2025 жыл қорытындысымен өзіндік кірістер мен салықтардың жоспары орындалғанымен, кейбір аудандар орындамай отыр. Корпоративтік табыс салығы түсімдері бойынша да мәселелер бар. Назарға алыңыздар. Бюджет кірістерінің әрбір көзін сапалы орындауды, бюджет қаражатын мерзімінде әрі сапалы игеруді тапсырамын. Өзіндік кіріс көздерін ұлғайту керек. Инвестиция тарту, өндіріс орындарын көбейту бағытындағы жұмысты ширата түскен жөн, – деді Нұралхан Көшеров.
Түркістан облысының қаржы және мемлекеттік активтер басқармасының басшысы Гүлфари Әжіметованың айтуынша, өзіндік кірістердің өсу қарқыны 119% немесе түсімдер 48 млрд теңгеге артығымен қамтамасыз етілді (2024 жылы – 253,1 млрд теңге, 2025 жылы – 301 млрд теңге). Облыстық бюджеттің орындалуына келетін болсақ, жоспар 109% немесе 11,3 млрд теңгеге артығымен орындалды. Жоспар 129,6 млрд теңге деп бекітілсе, нақты түсім 140,8 млрд теңгеге жетті. Облыстық бюджеттің түсімдері 24% немесе 27 млрд теңгеге артып, 140,8 млрд теңгеге жетіп отыр. 2025 жыл қорытындысымен 5 454 корпоративтік табыс салығының төлеушілері есебінен түсімдер 18 млрд теңгеге артып, 47,5 млрд теңгеге жеткен.


