Аталмыш жоба жүзеге асса, 50 адам тұрақты жұмыспен қамтылады
Түркістан облысы, Отырар ауданында «DalaSolar» ЖШС-ның күн сәулесінен электр энергиясын өндіру жобасын жүзеге асырады, деп хабарлайды ERNUR.KZ Отырар ауданы әкімдігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Жоба құны 150,0 млн.доллар теңгені құрайды. Қуаттылығы 100,0 мВт/сағ. Жоба іске қосылған кезде 50 адам тұрақты жұмыспен қамтылмақ. Бұл жөнінде «DalaSolar» ЖШС-ның директоры Ермек Кариев отырарлықтармен кездесу барысында айтты.
«Үкімет жасыл энергияны дамытуды көздеп отыр. Біз де өзімізге осы тәжірибені сіңіріп, елімізде баламалы электр энергиясын алуды мақсат еттік. Қазіргі таңда біз қолға алып отырған үлкен инвестициялық жоба жүзеге асқан жағдайда халық арзан әрі қолайлы электр энергиясын қол жеткізе алады», - дейді «DalaSolar» ЖШС-ның директоры Е.Кариев.
Соңғы жылдары елімізде энергия көздеріне энергетикалық кешенді дамытудың бір тармағы ретінде қарап, мемлекет пен бірқатар бизнес құрылымдар тарапынан оны қолданысқа енгізуге зор күш салынып жатыр. Германия, Австрия, Чехия, Қытай, Америка сынды дамыған мемлекеттер балама энергия алудың тиімді жақтарын терең меңгерген.