Бизнес-жоспар дайындалуда.
Д.Сатыбалды мақта-тоқыма кластерін құру бойынша инвесторлармен кездесті, деп хабарлайды ERNUR.KZ.
Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды инвесторлармен кездесіп, Жетісайда өзбекстандық «TST GROUP» компаниясымен ынтымақтаса отырып мақта-тоқыма кластерін құру туралы талқылады. Қазақстан тарапынан жауапты кәсіпорын - «TST Jetysay Textile». Жоба құны 41,5 млн.долларды құрайды. Зауытта мақта өсіруден бастап, оның жанама өнiмдерiн терең өңдеп, дайын бұйым жасап шығарады. Экспортқа шығару жолдары да қаралады.
Бұл мақсатта жұмыс тобы құрылып, құжаттары әзірленген. Бизнес-жоспар дайындалуда. Асықата кентінде инвестициялық жобаға арналған 5 га жер учаскесі белгіленген.
Инвестициялық жоба “Индустрияландыру картасына” енгізіледі. Мемлекеттік қаржы институттары тарапынан қаржылық қолдау, инфрақұрылым жүргізу қажет.
«Мақта кластерін дамыту біздің өңір үшін ең маңызды бағыттардың бірі. Түркістан облысында мақта кластерін құру жобасы әзірленді. Бұл бағыттағы жұмыстарға күш саламыз. Облыстың өзіндік табысын арттыру үшін жаңа жұмыс орындарын ашу керек. Бұл ретте мақта кластерін дамытудың маңызы зор. Осы салада ірі фабрика, зауыт ашамын дейтін азаматтарға қолдау көрсетуге дайынбыз. Сонымен қатар мақта өсіруде су үнемдеу технологиясын мейлінше жетілдіру қажет. Мақта шаруашылығы үлкен ізденістер мен зерттеулерді талап етеді. Облыс әкімдігі тарапынан мақта кластерін дамытуға жағдай жасалады. Осы бағытта үлкен жоспарларымыз бар», – деді Дархан Сатыбалды.
Өндіріс орнында жылына 7500 тонна тоқыма жібі, 5000 тонна мата, сондай-ақ 800 мың дана тоқыма бұйымдары шығарылады. Қазақстанда шитті мақта өсіруді және оны дайын тоқыма бұйымдарына дейін одан әрі өңдеуді қамтитын тік интеграцияланған кластердің моделі әзірленді. Жобаны іске асыру кезең-кезеңімен 2023-2028 жылдар аралығына жоспарланып отыр. Дайын бұйымдар (тоқыма жібі) өндірісі жобамен 2025 жылдың шілдесіне іске қосылмақ. Зауытта 1450 жаңа жұмыс орны ашылады.
Алда орындайтын мақсаттарға жердiң құнарлылығын арттыру жолында ауыспалы егiстi ендiру, ол үшiн мақта саласын әртараптандыру, ағын сумен толық қамтамасыз ету, жердiң мелиорациялық ахуалын жақсарту, тұқым шаруашылығын жүйеге келтiру, тыңайтқыштарымен толық қамтамасыз ету жатады.
Осылайша еліміздің ішкі нарығын мақтадан дайындалған тауарлар мен бұйымдармен толықтырып, тұтынушылардың сұранысын қанағаттандыру көзделген. Ол үшін өнімдер мен бұйымдардың бәсекелестікке қабілеттілігін арттыру маңызды. Мақта өсіретін және өңдейтін дамыған елдер тәжірибесі терең өңдеу тізбегін ұзартуда инновацияны қолданып саланың экономикадағы үлесін арттырмақ.
Мақта — тоқыма кластері -– бір шикізат яғни шитті мақтаға негізделген өнім трансформациясы (технологиялық тізбек, дайын өнім және сату) үдерісінің тізбегіндегі өзара экономикалық — өндірістік байланыстардың бір өңірде шоғырланған компаниялар тобы.
Мақта-тоқыма кластерінің негізгі мақсаты - терең өңдеу технологиялық тізбегінде (өндіріс-өңдеу-өткізу) қосылған құн мөлшерін арттыру. Мақта маталарынан дайын киім-кешек, үй-жиһаздары, тағы басқа қосылған құны жоғары бұйымдар мен тауарларды өндіру және сатудан алынатын табыс бастапқы шикізат сатумен салыстырғанда бірнеше еселеп артады.