Түркістан облысында мұнай өнімдерін сақтайтын қойма салынады

0
104

Облыс әкімі өңірдің инвестициялық әлеуеті туралы баяндады.


Түркістан облысында мұнай өнімдерін сақтайтын қойма салынады

Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров «ҚазМұнайГаз-Аэро» ЖШС-нің бас директоры Ильдар Шамсутдиновті қабылдады, деп хабарлайды ERNUR.KZ.


Кездесу барысында қос тарап Түркістан өңірінде жаңа инвестициялық жобаларды жүзеге асыру, әріптестік орнату жолдарын талқылады. Облыс әкімі өңірдің инвестициялық әлеуеті туралы баяндады.


– Мемлекет басшысы өз Жолдауында көлік логистикасын одан әрі дамыту жөнінде тапсырма берді. Осы орайда, облыстың географиялық жағынан қолайлы орналасуы транзитік көлік дәліздерін дамытуға үлкен мүмкіндіктер беретіні сөзсіз. Сіздің тарапыңыздан ұсынылған мұнай өнімдерін сақтайтын инвест-жобаның өңіріміз және еліміз үшін үлкен маңызы бар. Жоба жүзеге асса, көліктің барлық түрі бойынша өңіріміздің халықаралық көлік байланысын, логистика және көрші елдердің өңірлерімен ынтымақтастығымыздың күшейуіне септігін тигізеді. Өз тарапымыздан инвестициялық жобалар бойынша ұсыныстарды қарауға және қолдау көрсетуге дайынбыз, – деді Нұралхан Көшеров.


Ильдар Шамсутдинов өз жоспарымен таныстырды. Инвестор Түркістан облысында ірі жанар-жағармай және мұнай өнімдерін сақтайтын қойма салуды көздеп отыр. Жобаны жүзеге асыру мерзімі: 2026-2028 жылдар. Резервуарлық парк (мұнай базасы) салынып, онда 20 000 м³ мұнай өнімдері сақталмақ. Оның ішінде 12 мың текше метрі – авиаотын. Жоспарланған инвестиция көлемі – 5 млрд. теңге. Осы жоба аясында облыстың отын қауіпсіздігін қамтамасыз етіп, әуе компанияларын тарту арқылы жолаушы және жүк ағындарын молайту, жаңа жұмыс орындарын ашу, авиация саласының халықаралық қауіпсіздік талаптарына сәйкес отын инфрақұрылымын жаңарту жоспарланып отыр.


Кездесу барысында қос тарап жол картасын әзірлеп, жобаны жүзеге асыру жөнінде уағдаласты.

Бөлісу