Өткен жылмен салыстырғанда 11 жағдайға аз.
Түркістан облысында жыл басынан бері жалпы туберкулездің алғашқы анықталған 258 жағдайы тіркелді, деп хабарлайды ERNUR.KZ.
Түркістан облысында жыл басынан бері жалпы туберкулездің алғашқы анықталған 258 жағдайы тіркеліп, 100 мың халыққа шаққандағы көрсеткіш 12,74-ті құрады. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 11 жағдайға төмен.
Өңірде 14 жасқа дейінгі балалар арасында туберкулез ауруынан эпидемиологиялық жағдай күрделі күйінде қалып отыр. Жыл басынан бері 15 жағдай тіркелді.
Аталған ауруды жұқтырмау үшін аса қауіпті жұқпалы аурулардың қатарына жататын туберкулез аурушаңдығының алдын-алумен қоғам болып күресу керек. Медицина қызметкерлері өздеріне бөлінген учаскелері бойынша тұрғындар арасында түсіндіру жұмыстарын жүргізуді қарқындатып, ауру симптомдары білінген науқасқа тез арада тексерулер тағайындау сынды процестер маңызды рөл атқарса, өз кезегінде қарапайым азаматтардың да туберкулездің ерте анықталуы бойынша белсенділік көрсетуі маңызға ие.
Себебі, дене қызуы жоғарылап, жөтелі асқынғанша медицина қызметіне жүгінбей, салғырттықпен дертін асқындырып алатындар жиі кездеседі. Ауруды ерте анықтаудың бірден-бір тиімді жолы - ересектер мен жасөспірімдер флюорографиялық тексеруден өту болса, 14 жасқа дейінгі балалар манту сынамасымен тексеруге жатады. Туберкулездің алдын-алуда нәрестелерге және 1-ші сынып оқушылары арасында салынатын БЦЖ екпесінің маңызы зор.
Сондықтан туберкулезге қарсы екпені уақытылы салдыру маңызды рөл атқарады. Ауа тамшылары арқылы таралатын Кох таяқшасы ауруы адамнан-адамға жөтелгенде, түшкіргенде, қарым-қатынас жасағанда жұғады. Бактериялы ауаны жұтқан адам тыныс алу жолдары мен өкпеге түседі. Туберкулез ауруы көбінесе өкпеде дамиды.
Қалай сақтану керек?
- Салауатты өмір салтын ұстану – жүйелі түрде белсенді дене шынықтырумен айналысу, жақсы демалу;
- Тиімді тамақтану - бұл ет пен сүт, балық өнімдерін, көкөністер мен жеміс-жидектерді жеткілікті мөлшерде қолдану;
- Зиянды әдеттерден аулақ болу - темекі, алкоголь, есірткіні тұтынбау;
- Жеке бас гигиеналық тазалық тәртібін сақтау – жуғыш заттар мен таза суды пайдаланып қолды, ыдыстарды жуу, жеке ыдыс қолдану, жөтелген және түшкірген кезде мұрын мен ауызды бүркемелеу;
- Үй ішін мезгіл-мезгіл желдетіп, (ылғалды) тазалап отыру;
- Қоғамдық орындарда қақырынып, түкірінбеу.
Себебі бұл әрекет аурудың таралуына ықпал ететін факторлардың бірі саналады.