Түркістан облысында заманауи медициналық нысандар салынып жатыр

0
93

570 төсек-орындық көпбейінді аурухананың құрылыс жұмыстары жүргізілуде.


Түркістан облысында заманауи медициналық нысандар салынып жатыр

Түркістан облысында заманауи медициналық нысандар бой көтеруде, деп хабарлайды ERNUR.KZ.


Түркістан облысында денсаулық сақтау саласының жұмысын ілгерілету, жергілікті тұрғындардың өмір сүруіне қолайлы жағдай жасау мақсатында ауқымды жұмыстар қолға алынған.


Бүгінде Түркістан қаласында 570 төсек-орындық көпбейінді аурухананың құрылыс жұмыстары жүргізілуде. Сонымен қатар облыс орталығында Біріккен Араб Әмірлігінің «Абу-Даби» қорының демеушілігімен 80 орындық перзентхана бой көтеруде. Нысанды келесі жылы пайдалануға беру көзделген.


Сарыағаш ауданында перинаталды орталығы бар көпбейінді аурухана құрылысы қолға алынбақ. Мақтааралдағы Атакент кентінде 210 орындық аудандық аурухананың құрылысының жобасы, Ордабасыдағы Темірлан ауылында 200 төсек орындық заманауи перинаталдық орталықтың құрылысының жобасы әзірленді. Сауран ауданы, Шорнақ ауылында 500 келушіге арналған емхана құрылысы жобасын мемлекеттік-жекешелік әріптестік аясында іске асыру бойынша жұмыстар атқарылуда.


Былтыр облыс аумағында жалпы 55 медициналық-санитариялық алғашқы көмек нысаны салынды. Атап айтқанда, «Ауылда денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық пилоттық жобасы аясында өңірде 49 денсаулық сақтау нысаны пайдалануға тапсырылды. Одан бөлек, жергілікті бюджет есебінен Сарыағаш ауданында 3 дәрігерлік амбулатория, Қазығұрт ауданында 1 фельдшерлік акушерлік пункт, 1 медициналық пункт, Сауран ауданында 1 фельдшерлік акушерлік пункт құрылысы жүргізілді. 2025 жылы дайын ғимаратты сатып алу практикасын қолдана отырып, 32 нысанның құрылысы іске асырылуда.


«Ауылда денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық пилоттық жобасы аясында 2022 жылы Ордабасы аудандық ауруханасы, 2023 жылы Жетісай аудандық орталық ауруханасы, 2024 жылы Сарыағаш аудандық орталық ауруханасы толық күрделі жөндеуден өтті.


Сонымен қатар Шардара аудандық орталық ауруханасына қарасты «Қазақстан» ауруханасы, Қазығұрт аудандық орталық ауруханасына қарасты «Қаратас» ауылдық емханасына күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілді.


Сайрам аудандық орталық ауруханасында және Кентау қалалық орталық ауруханасында күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Бұдан бөлек, фельдшерлік акушерлік пункттердің күрделі жөндеу жұмыстарын жылдың соңына дейін аяқтап, пайдалануға тапсыру жоспарлануда. Сонымен қатар биыл «Жетісай аудандық «Асықата», Сайрам аудандық «Қарабұлақ» ауруханалары жөндеуден өтпек.


2026-2029 жылдары облыс көлемінде денсаулық саласында 6 ірі жоба іске асырылмақ. Әлеуметтік нысандардағы құрылыс жұмыстары облыс әкімі Нұралхан Көшеровтің жіті байылауында тұр.

Бөлісу