Түркістан облысындағы әлеуметтік мекемелер жергілікті азық-түлік өнімдерін тұтынады

0
61

Өңір басшысы жауапты басқарма басшылары мен аудан, қала әкімдеріне бірінші кезекте жергілікті тауар өндірушілерді қолдау, әлеуметтік мекемелерді отандық өніммен қамту керектігін жеткізді.


Түркістан облысындағы әлеуметтік мекемелер жергілікті азық-түлік өнімдерін тұтынады

Түркістан облысының әлеуметтік мекемелері жергілікті азық-түлік өнімдерін тұтынады, деп хабарлайды ERNUR.KZ.


Түркістан облысындағы әлеуметтік мекемелерді жергілікті ауыл шаруашылығы және тамақ өнімдерімен қамтамасыз етуге толық мүмкіндік бар. Тек өңірде өспейтін кейбір дақылдар ғана сырттан тасымалданады. Бұл мәселе облыс әкімі Нұралхан Көшеровтің төрағалығымен өткен ауыл шаруашылығы саласындағы өнімдерді ішкі нарыққа өткізу мәселелері туралы мәжілісте талқыланды. Өңір басшысы жауапты басқарма басшылары мен аудан, қала әкімдеріне бірінші кезекте жергілікті тауар өндірушілерді қолдау, әлеуметтік мекемелерді отандық өніммен қамту керектігін жеткізді.


– Біз бірінші кезекте өзіміздің кәсіпкерлер мен тауар өндірушілерді қолдауымыз керек. Өз аудан, қалаларыңыздағы ауыл шаруашылығы және тамақ өнімдерін өндіретін компаниялармен байланыс орнатып, жұмысты үйлестіріңіздер. Өңірдегі білім, денсаулық сақтау, әлеуметтік қорғау саласына қатысты мекемелер мен жеткізуші мердігерлер мемлекеттік тапсырысты қалыптастыруда бірінші кезекте отандық өнімге басымдық беруге тиіс. Бірақ кәсіпкерлер де сапалы өнім ұсынулары қажет. Ауыл шаруашылығы өнімдерін өндіру және терең өңдеу саласындағы жұмыс жалғаса береді, – деді Нұралхан Көшеров.


Кәсіпкерлік және сауда басқармасының басшысы Нұржігіт Мырзахметовтың айтуынша, облыс аумағында ауыл шаруашылығы өнімдерін өндіру және қайта өңдеумен айналысатын кәсіпорындарға талдау жұмыстары жүргізілді. Тауарлардың бағалары туралы коммерциялық ұсыныстары жинақталып, әлеуметтік басқармаларға (денсаулық сақтау, жұмыспен қамту, білім) және олармен жұмыс істейтін мердігер мекемелерге ұсынылған. Кәсіпорын басшыларының айтуынша, тауарларды өткізу нарығы бойынша жұмыс жүйеге қойылған. Нақты өткізу нарығы және тапсырыс берушілері кепілдендірілген.


Облыс аумағында негізгі 102 жетекші кәсіпорын бар болса, ет өңдеу саласында 33 кәсіпорын және құс еті өнімдерін өндіру саласында 2 кәсіпорын жұмыс атқарады. Олардың жалпы қуаттылығы – 46 мың тонна (ет – 33,3 мың, құс – 13 мың). Сүт өнімдерін қайта өңдеу саласында 35 кәсіпорын жұмыс істеп тұр. Жалпы қуаттылығы – 184,6 мың тонна. Көкөніс өңдеу саласында 12 кәсіпорын және жеміс өнімдерін өңдеу саласында 3 кәсіпорын жұмыс атқаруда. Жалпы қуаттылығы– 23,9 мың тонна (көкөніс – 22,4 мың, жеміс – 1,5 мың). Шырын өндіруші компаниялар да өткізу нарығын жолға қойған. Облыс аумағында нан өндіру саласында 9 кәсіпорын жұмыс істеуде. Жалпы қуаттылығы– 132 мың тонна. Түркістан облысында 1000-ға жуық мектеп, 1438 балабақша, 35 аурухана, 9 әлеуметтік мекемені азық-түлікпен қамту назарға алынған. Әлеуметтік салаға жауапты басқармалар тапсырысшы болып табылатын мемлекеттік сатып алу конкурстарына қаралған қаржыға талдау жүргізілді. 2026 жылға азық-түлік және тамақтандыруға жоспарланған қаржы көлемі – 35,2 млрд теңге. Азық-түлік және тамаққа қажетті тауарлардың 70%-дан астамы өңірде өндірген өнімдермен қамтылған. Қарақұмық және кейбір дақылдар ғана шетелден алынады. Мемлекеттік сатып алу басқармасының ақпаратына сәйкес 2026 жылға азық-түлік сатып алу бойынша 3 млрд теңгеге 37 конкурс өткізілген. Басқарма тарапынан конкурстық құжаттамаларға «Қажетті азық-түлік тауарларымен қамтамасыз етуде отандық тауар өндірушілерге басымдық беру» жөнінде ұсыныс енгізілген.

Бөлісу