«Ауыл Ел-бесігі» бағдарламасы аясында жұмыстар жүргізіліп жатыр.
Түлкібас ауданында атқарылған іс көп, - деп хабарлайды ERNUR.KZ.
Биыл Түркістан облысы Түлкібас ауданына қарасты Састөбе кенті жаңарды десек қателеспейміз. Бұлай дейтініміз, жыл басынан бері кент аумағында ауыз толтырып айтарлықтай ауқымды жұмыстар іске асты. Яғни, кент орталығынан «Ауыл Ел-бесігі» бағдарламасы аясында 16 көше ағымдағы және күрделі жөндеуден өтіп, тұрғындардың ыңғайлылығы үшін күре жол бойларына түнгі шамдар орналастырылып, жаяу жүргіншілерге арналған жолдар түсті.
Соңғы жылдары кент тұрғындары тарапынан көтеріліп жүрген басты мәселелердің бірі тозығы жеткен электр бағаналары мен желіні және трансформаторды ауыстыру болатын. Бұл мәселе де толығымен шешімін тапты.
«Жұмыспен қамту жол картасының 2020-2021 жылдарға» арналған бағдарлама шеңберінде кенттің ішкі көшелерінің тозығы жеткен 8,4 шақырымды құрайтын электр желісі толығымен жаңартылып, 120 дана бағана мен қуаттылығы 400 КВ құрайтын жаңа трансформатор орнатылды.
Сонымен қатар, кент орталығындағы көп жылдан бері жөндеуді қажет ететін соғыс ардагерлер аллеясыда толығымен жөндеуден өтіп, кент шегінен заманауи кәріздік сорғы станциясы мен кәріздік суларды тазалау орны бой көтерді. Жүйенің ерекшелігі тұрғындар пайдаланған кәріз суын қайта өңдеп, өңделген таза суды егін суғару мен балық шаруашылығы сынды түрлі бағытта пайдалануға болады. Ағымдағы жылдың 20 қазанына дейін аталмыш құрылғыға құбырлары дайын 200 абонаментті қосу жоспарланып отыр.
Кентте жер кезегінде тұрған тұрғындардың өтінішін қанағаттандыру мақсатында да ауқымды жұмыстар атқарылуда. Биыл кент шетінен 54,6 гектар жерге (150 жер телімі) инфрақұрылым тарту жұмыстары бастау алды. Бүгінгі таңда электр желілерін тарту жұмыстары аяқталды.