Жобаны іске асыру барысында үздік студенттер іріктеліп, түлектерді компанияның серіктес ұйымдарына жұмысқа орналастыру жоспарлануда.
Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров «Hikvision Kazakhstan» компаниясының өкілдерін қабылдады, деп хабарлайды ERNUR.KZ.
Облыс басшысы жаңа бастамаларды жүзеге асыруға қолдау болатынын жеткізіп, ІТ, цифрландыру мәселелері маңызды екенін жеткізді.
– Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев 2026 жылды Цифрландыру және жасанды интеллект жылы деп жариялады. Облыста осы бағытта ақпараттық технологиялар саласын дамытуда белсенді жұмыстар жүргізіліп жатыр. Түркістан қаласында цифрландыру және жасанды интеллект бағдарламалары бойынша білім беретін Қазақ-Корей бірлескен Woosong Kazakhstan University оқу орны ашылған. Біз сіздердің компанияларыңызды тек технологиялық алпауыт ретінде ғана емес, сонымен қатар инновациялық экожүйені қалыптастырудағы сенімді серіктес ретінде қарастырамыз. Сіз ұсынып отырған жаңа оқу орталығын құру арқылы жастарды тұрақты жұмыспен қамту мәселесін шешу – біздің әлеуметтік-экономикалық саясатымыздың басым бағыттарының бірі. Сіздердің тәжірибелеріңіз бен біздің өңірдің ресурстарын біріктіріп, цифрландыру саласында жетістіктерге жетеміз деп сенемін, – деді Нұралхан Көшеров.
«Hikvision» жобалық бағытының директоры Ақан Құлжан компания қызметінің негізгі бағыттарына тоқталып, жобалармен таныстырды. Компания Түркістандағы Қожа Ахмет Ясауи атындағы халықаралық қазақ-түрік университеті базасында оқу орталығын құруды жоспарлап отыр. Жоба аясында университетті бейнебақылау технологиялары мен қауіпсіздік жүйелері бойынша студенттердің тәжірибелік білім алуына қажетті заманауи жабдықтармен, демонстрациялық стендтермен және әдістемелік базамен қамтамасыз ету көзделген. Жобаны іске асыру барысында үздік студенттер іріктеліп, түлектерді компанияның серіктес ұйымдарына жұмысқа орналастыру жоспарлануда.
Келіссөздер нәтижесінде бірлескен жобаны жүзеге асыру жөнінде Түркістан облысы әкімдігі мен «Хиквижн Қазақстан» компаниясы арасында меморандумға қол қойылды.
Hangzhou Hikvision Digital Technology Co., Ltd. – қытайлық технологиялық компания. Hikvision – бейнебақылау және қауіпсіздік жүйелері саласындағы жабдықтар мен кешенді шешімдердің әлемдегі ең ірі жеткізушісі. Компания өнімдері 155-тен астам елге жеткізіледі, бұл 2 400-ден астам серіктестер мен интеграторларды қамтитын дамыған халықаралық желі арқылы жүзеге асырылады. Бейнебақылау негізгі бағытымен қатар, компания бірқатар мамандандырылған бөлімшелерді дамытады. Атап айтқанда, ақылды үй және тұтынушылық электроникаға арналған шешімдер, деректерді сақтау және өңдеу жүйелері, интеллектуалды бейнеталдау, бет-әлпетті тану, сондай-ақ «ақылды қала» тұжырымдамасы аясында көлік ағындарын автоматтандырылған басқару салаларындағы әзірлемелерді қамтиды.


