Салтанатты шара Ақсукент елдімекеніндегі Мәдениет үйінде бастау алды. Жиынға арнайы қатысқан аймақ басшысы Жансейіт Түймебаев тұрғындар мен қонақтарды аталған мерекемен құттықтап, ауданның өсіп-өркендеуіне сүбелі үлес қосқан бірқатар азаматтарды марапаттады.
Бүгін Түркістан облысында Сайрам ауданының 90 жылдығына орай мерекелік кеш ұйымдастырылды, деп хабарлайды ERNUR.KZ облыс әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Салтанатты шара Ақсукент елдімекеніндегі Мәдениет үйінде бастау алды. Жиынға арнайы қатысқан аймақ басшысы Жансейіт Түймебаев тұрғындар мен қонақтарды аталған мерекемен құттықтап, ауданның өсіп-өркендеуіне сүбелі үлес қосқан бірқатар азаматтарды марапаттады.
«Сіздерді ауданның 90 жылдық мерейтойымен шын жүректен құттықтаймын! Сайрам - Түркістан облысындағы ірі аудандардың бірі саналады. Ауданның өңіріміздегі өндірістік-экономикалық әлеуеті жоғары деуге толық негіз бар. Халқымыз үшін Сайрамның орны бөлек. Ықылым заманнан бері ата-бабаларымыз қоныс еткен құтты өлкеде ел тарихындағы елеулі оқиғалар өтті. Мәртөбеде келелі кеңестер ұйымдастырылып тұрған. Осы кеңесте қазақтың қайраткерлері мен билері, көсемдері мен шешендері ұлт тағдырына оң әсер ететін бәтуалы шешімдер қабылдаған. Қазақтың көне қаласы Сайрам туралы әлем ғалымдары мен тарихшылары ой қозғаған. Атақты Махмұт Қашқаридың еңбектерінде де Сайрам жайлы айтылады. Орта ғасырларда қолөнер мен сауда орталығы ретінде танылған Сайрам бүгін де өз биігінен түскен жоқ. Ауыл шаруашылығына бейімделген аудан қайта уақыт өткен сайын өркендеп өсіп келеді. Аталмыш салада жалпы өнім көлемі 1991 жылы 1 млрд. 227 млн. теңгені құраса, 2017 жылы 58 млрд. теңгеге жеткен. 26 жылдың ішінде 46 есеге артып отыр. Ал, Тәуелсіздіктің алғашқы жылында 7422 тонна ет өндірілсе, былтыр бұл көрсеткіш 26 660 тоннаға жеткен. Ауданның ауылшаруашылық саласын дамытуға республикалық бюджеттен 636,8 млн. субсидия берілген. Экономика дамуының көрсеткіші саналатын шағын және орта кәсіпкерлік саласы Сайрам ауданында жақсы дамыған. 27 жыл бұрын шағын және орта кәсіпкерлік субъектілерінің саны 3000-нан сәл ғана асса, өткен жылғы есеп бойынша 13 мыңнан асып түсті. Олардың өндіріп жатқан өнімдері де қомақты», – деді Жансейіт Қансейітұлы.
Мерекелік жиын Дендросаябақта жалғасын тапты. Онда қонақтар ағаш көшеттерін отырғызды. Өнерпаздар қасиетті өлке жайында сахналық қойылымдар қойып, патриоттық әндер орындады. Сондай-ақ, қонақтар «Құрметті азаматтар» аллеясымен, «Мәңгілік ел» монументімен танысып, арнайы ұйымдастырылған көрме - жәрмеңкені тамашалады.